Алакөлдің туризм потенциалын дамыту перспективасы талқыланды

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алакөл жағалауы 2016 жылдан бастап абаттандырылып келеді. Осы уақыт аралығында демалыс аумағы біршама кеңейіп, демалушылар үшін өте ыңғайлы болды. Алакөл жағажайында қазіргі таңда 333 коммерциялық нысан қызмет етеді. Олардың қатарында 175 демалыс үйі, 2 қонақүй, 10 дәмхана, 2 мейрамхана, 29 дүкен, 56 дүңгіршек, 4 бар, 8 асхана және дәріханалар мен аквапарк бар.

Аймақ басшысының айтуынша, келесі жылы демалыс жайлылығы деңгейін арттыру мақсатында бірқатар ірі инфрақұрылым нысанының құрылысы басталады. Даниал Ахметов шағын және орта бизнес өкілдерін салыққа салғырт қарамай, өз міндетін адал орындауға үндеді.

Жиын барысында баяндама жасаған мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ержан Ктановтың айтуынша, 11 күннің ішінде жүргізілген тексерудің нәтижесі бойынша 38 кәсіпорынның көлеңкелі бизнесі әшкереленген. 11 демалу базасы есепке алынған.

2018 жылы бюджетке 67,5 миллион теңге салық түсті. Биыл оның көлемі 148% артып, 100 миллион теңгеге жетуге тиіс. Алайда қазір кейбір демалыс базалары табысын толық көрсетпей отыр. Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, кәсіпорындар кірістің бәрін кассалық аппарат арқылы өткізбейді. Сондықтан онлайн бақылау-касса аппаратын орнату қажеттілігі бойынша түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз, — дейді Ержан Ктанов.

Алакөл жағалауын абаттандыру мәселелері бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Үржар ауданының әкімі Серік Зайнолдиннің айтуынша, 30 миллиард теңге болатын жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Алдымен мердігерлер Алакөлді дамытуға бағытталған бағдарламаның жоспарына сай мұнда толқындарды ұстайтын құрылғыларды орнатып, екі шақырымға жуық жағалауды бекітеді. Жоба Ақтау теңіз порты құрылысының тәжірибесі бойынша салынады.

Жоспарланған ауқымды жобалар қатарында су құбырлары желілері мен су жинау құрылғыларын тарту, кәріз жүйелері мен су сүзгілеу өрістерінің құрылысы бар. Сонымен қатар Мақаншы ауылынан Көктал ауылына дейін 110 киловатт электр желісін салу міндеті тұр.

Бүгінгі таңда Үржар ауылындағы әуежайдың ұшу-қону жолақтарын қайта құру бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын. Жобаға сай ұшақтар жолаққа екі бағыт бойынша кіреді. Жолақтар 2100 метрге ұзартылып, ені 45 метрге дейін кеңейтіледі. Жаңа терминал салынып, сағатына 70 жолаушыны қабылдауға мүмкіндік ашылады. Жалпы, атқарылған жұмыстан кейін әуежайдың 70-80 орынға дейін әуе көлігін қабылдау қауқары артады.

Жыл бойы қызмет көрсететін емдік-сауықтыру кешенін тұрғызу мақсатында жақын арада австриялық әріптестеріміздің радон суын игеру тәжірибесін қолға аламыз. Бүгінде біз үшін өзекті мәселе — ол Семей мен Өскеменнен Алакөлге дейінгі жолдың жағдайы. Қазіргі уақытта жөндеу жүріп жатыр. Екі жылда аяқтау жоспарда бар. Қабанбай мен Алакөл жағалауына дейін ұзындығы 2,6 шақырым, ені 6 метр велосипед жолы салынады. Біз өз тарапымыздан уәде еткен істі орындаймыз. Сондықтан кәсіпкерлерді де жауапкершілікке шақырамын. Өрт қауіпсізідігі мен санитарлық ережелердің қатаң сақталуын да назардан тыс қалдырмау керек, — деді жиынды қорытындылаған Даниал Ахметов.