Алакөл жағасында II республикалық дуатлон жарысы өтті

Республикалық спорт сайысын Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген желаяқ пен велошабандоз қатысты.

Сайыс әдеттегідей екі бөлімнен тұрды: 5 шақырымға жүгіру және 10 шақырымдық веложарыс.

«Бізге жарыс қиын болған жоқ. Алакөл табиғатының өзі бізге күш-қуат беріп, алға сүйреп отырғандай болды. Жарыс салауатты өмір салтын насихаттауға ғана емес, сонымен қатар Алакөлдегі туристік бағытты танымал етуге мүмкіндік береді деп сенемін», — деді балуан, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы дуатлон бәсекесінің Алакөл жағасында өткізілуі тегін емес екенін айтты.

«Алакөл — еліміздің маржаны. Ол — керемет емдік қасиеті бар бірегей көл. Жақында аңызға айналған атақты ғарышкерлер осы көл жағасында тынығып, денсаулығын қалпына келтіргенін айтты. Биыл дуатлонға арналған ІІ республикалық жарыстың осында өткізіліп жатқанына өте қуаныштымын. Біздің миссиямызды — салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру мен бұқаралық спортты және ішкі туризмді дамытуды қолдау үшін қатарымызға атақты спортшылар мен қазақстандық эстрада жұлдыздары да қосылды», — деді министр.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар келесі жылы дуатлон жарыстары тағы өткізілетінін айтты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша өңірде туристік инфрақұрылым жақсартылып жатыр.

«Сайысқа қатысушыларға көлдің таза ауасы үлкен септігін тигізді. Біз алакөл жағалауын дамытуда көп жұмыс істеп жатырмыз. Бұл — облыс әкімдігінің басым бағыттарының бірі. Президенттің және үкімет қолдауының арқасында алакөлге туристер көп келіп жатыр. Маусымның соңына қарай біз миллионға жуық адамға қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз. Алакөлге келушілердің демалысы инвесторларға пайдасын тигізіп отыр. Биыл алакөл жағасында 10 тұрғын үй орны пайдалануға беріліп, инвестиция көлемі бір млрд теңгеден асты. Қазіргі уақытта алакөл ауданында туристерге арналған 195 тұрғын үй бар», — дейді Жақсылық Омар.