Әскери қызметшілердің балалары «Жас сарбаз» лагерінде демалды

Әскери-спорттық «Жас сарбаз» лагеріне республиканың барлық облысындағы әскери қызметшілер мен әскери мекемелерде қызмет атқаратын азаматтық қызметшілердің балалары қабылданды.

Жаз, бала, лагерь
Фото: «Жас ұлан» мектебінің баспасөз қызметі

«Жас сарбаз» әскери-спорттық лагері балаларды тынықтыру, денсаулықтарын нығайту, білімін кеңейту, әскери өмірмен таныстыру және тәрбиелеу мақсатында жұмыс істейді. Осы мақсат-міндеттерді орындау үшін ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубы мен Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебінің басшысы, полковник Манат Батырбаевтың ұйымдастыруымен ашылған демалыс орнында балалардың тынығуына барлық жағдай жасалған.

Лагерьдің бірінші маусымында 132 бала уақытын көңілді өткізді. Арыс қаласынан 30 бала қабылданды. Мектеп медбикесі лагерь демалушыларының денсаулығын күнделікті тексеріп, оларға сауықтыру шараларын жүргізді. «Жас сарбаз» әскери-спорттық лагерінде балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмады. Оларға арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша бес мезгіл тамақ беріледі.

Жаз, бала, лагерь
Фото: «Жас ұлан» мектебінің баспасөз қызметі

Рота командирлері, тәрбиешілер, хореографтар мен жаттықтырушылар балалардың көңілді демалуы үшін түрлі спорттық, музыкалық, шығармашылық және интеллектуал сайыстарды өткізуге атсалысты. Лагерь демалушылары жоспар бойынша күнде таңертеңгілік жаттығулар жасап, бір мезгіл сурет салып, би кештері, әр түрлі ойын ойнатылып, дойбы, шахмат, теннис, волейбол, футбол жарыстары ұйымдастырылды.

ҚР Тұңғыш Президенті паркіне, хайуанаттар бағына, дельфинарийге, «Медеу», «Көктөбе» демалыс орындарына, Алматы облысының Шамалған ауылындағы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев музейіне және тағы басқа орындарға саяхаттады. Рота командирлері мен тәрбиешілер әр күні түрлі қызық іс-шара ұйымдастырып, балалардың демалысы қызық пен қуанышқа толы болуына бар күш-жігерлерін, өнерлерін аямай жұмсады.

Жиынға десантты-шабуылдау әскерлері қолбасшысының әскери және идеологиялық тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Раджан Жанысов, Әйелдер кеңесінің төрағасы Гүлнар Жасұзақова, Әйелдер кеңесінің мүшелері Светлана Бектанова, Валентина Хусаинова, Диляра Жанысова келді.

«Жас сарбаз» әскери-спорттық лагерінің төрағасы, мектеп басшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Ержан Құлжановтың айтуынша, республиканың әр облысынан жиналған балалар бір үйдің баласындай бірге ән айтып, би билеп, түрлі шараға белсенді қатысты.

Балалардың еркін ойнауына арнайы алаңдар жабдықталып, ойын-сауық құралдарымен толық қамтамасыз етілді. Лагерьдің әр күнінің мәнді өтуіне белсене атсалысқан тәрбиешілер аянбай, шаршамай еңбек етті. Төтенше жағдай болған Арыстан келген 30 баланың жабырқаулы көңілдері көтеріліп, лагерь жиынының соңында үрейлерінен айықты, — дейді Ержан Құлжанов.

Ержан Құлжанов
Фото: «Жас ұлан» мектебінің баспасөз қызметі

Жиын соңында «Жас сарбаз» әнұраны орындалып, балалар бір-бірімен қимай қоштасты.

     Гүлзия Қадырқұлова