Алматы көшесіне башқұрт ақыны Мұстай Кәрімнің есімі берілді

Алматы көшелерінің біріне башқұрт ақыны, жазушы, драматург Мұстай Кәрімнің аты берілді. Салтанатты шараға ҚР Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Мұстай Кәрім атындағы қордың құрылтайшысы, ақынның немересі Тимербулат Кәрім бастаған башқұрт делегациясы қатысты.

«Мамыр-1» ықшамауданында орналасқан көшенің ашылу салтанатына қала тұрғындары, Қазақстан мен Ресей ақын-жазушылары, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары және Мұстай Кәрімнің туыстары жиналды.

Бүкіл түркі дүниесінің ұлы шайыры, бауырлас башқұрт халқының ақыны, жазушы, драматург Мұстай Сәфиұлы Кәрімнің есімі қаламыздағы ең бір көрнекті көшеге беріліп отыр. Төрткүл дүниеге есімі кеңінен танымал Мұстай Кәрімді біздің қазақ оқырманы өз ақыным, төл перзентім деп біледі. Ақынның «Үш таған», «Талтүс» атты кітаптары қазақ тіліне аударылған. Еліміздің қалың оқырманы Мұстай Кәрімді өз ақынындай құрметтеп, оның жалынды жырларын жатқа оқиды, — деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Жиында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мұстай Кәрімнің фашизмге қарсы соғыс жылдарындағы әдеби қызметін ерекше атады.

Ол ауыр жарақат алып, госпитальдан сауығып шыққан соң майданның алғы шебіне оралып, шығармалары арқылы жауынгерлерге рух беріп отырды. Біз үшін Мұстай Кәрім осындай ізгі де қастерлі қасиеттерімен есте қалады. Оның ұмытылмас тылсым туындыларын жырсүйер қауым ғасырлар бойы жадында қалатыны сөзсіз, — деді министр.

Мұстай Кәрім 1919-2005 жылдар аралығында өмір сүрді. Ол — КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Ресейдің К.С.Станиславский атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Башқұртстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері. Биыл 20 қазанда әдебиет қайраткерінің туғанына 100 жыл толады.

Еске салайық, Алматыда әлем әдебиеті қайраткерлерінің атында 90 көше бар. Бұған дейін Baribar.kz оңтүстік астанада өзге халықтар әдебиеті өкілдеріне қандай құрмет көрсетілгенін тізіп шыққан еді. Көшеге есімі берілген тұлғалардың арасында «Адам комедиясымен» әдебиетте ұлы із қалдырған Бальзак, әйгілі Дон Кихот туралы романның авторы Мигель де Сервантес Сааведра және «Тынық Дон» роман-эпопеясы үшін Нобель сыйлығын алған Михаил Шолохов және басқалар бар. Baribar.kz есімі Алматы көшелеріне берілген, бірақ көпшілікке беймәлім тұлғалар туралы да жазды.