Алматыдағы 90 көшеге әлем әдебиетінің өкілдерінің аты берілген. Оның 60-ы орыс әдебиетінің ақын-жазушыларының атында.

Орыс әдебиеті өкілдері

Сергей Аксаков (1791-1859) — орыс жазушысы, қоғам қайраткері, сыншы. Аксаков көшесі Бостандық ауданында.

Демьян Бедный (1883-1945) — орыс ақыны, публицист, жазушы. Бедный көшесі Түрксіб ауданында.

Александр Бестужев (1797-1837) — орыс жазушысы, декабрист. Медеу ауданындағы көшеге Александр Бестужев есімі 1962 жылы берілген.

Александр Блок (1880-1921) — орыс ақыны. Блок көшесі Медеу ауданында. Жазушының есімі көшеге 1962 жылы берілген.

Валерий Брюсов (1873-1924) — орыс ақыны, аудармашы. Жетісу ауданындағы көшеге орыс ақынының есімі 1956 жылы берілген.

Всеволод Вишневский (1900-1951) — орыс жазушысы, драматург, киносценарист. Всеволод Вишневский көшесі Әуезов ауданында. Көшеге жазушы есімі 1961 жылы берілген.

Всеволод Гаршин (1855-1888) – орыс жазушысы. Гаршин көшесі Түрксіб ауданында. 1958 жылы берілген.

Александр Герцен (1812-1870) – орыс жазушысы. Көше Жетісу, Түрксіб аудандарында.

Николай Гоголь (1809-1852) – орыстың классик жазушысы, драматург, сыншы. Гоголь атындағы көше — Алматыдағы ескі көшелердің бірі. Ол Жібек жолы даңғылы мен Әйтеке би көшелерінің аралығында. Алмалы, Жетісу, Медеу аудандарын басып өтіп, 6300 метрге созылып жатыр. Ертеде бұл көшеге тек тас ғимараттар, мемлекеттік мекемелер мен шенеуніктердің үйін салуға рұқсат еткен. Бүгінде Гоголь көшесіндегі біраз ғимарат мемлекет қорғауында. Көшеге Николай Гоголь есімі 1909 жылы берілген.

Гоголь көшесіндегі граффити
Фото: Meloman.kz

Александр Грибоедов (1795-1829) – орыс ақыны, драматург. Грибоедов көшесі Жетісу ауданында.

Антон Дельвиг (1798-1831) – орыс ақыны. Әдебиет өкіліне Алатау ауданындағы көше 1958 жылы берілген.

Гаврилл Державин  (1743-1816) – орыстың көрнекті ақыны. Державин көшесі Медеу ауданында.

Николай Добролюбов (1836-1861) – орыс әдебиетінің сыншысы. Добролюбов көшесі Медеу ауданында.

Федор Достоевский (1821-1881) – орыстың көрнекті жазушысы, публицист. 1956 жылы Түрксіб ауданындағы көшеге Федор Достоевский есімі берілген.

Сергей Есенин (1895-1925) – орыстың ұлы ақыны. 1961 жылы Алматының Алатау ауданындағы көшеге Есенин есімі берілді.

Михаил Загоскин (1789-1852) – орыс жазушысы. Алатау ауданындағы кішкентай көшеге Загоскин аты 1958 жылы берілген.

Всеволод Иванов (1895- 1963) – кеңес жазушысы. Түрксіб ауданындағы көшеге жазушының есімі 1974 жылы берілген.

Николай Касаткин (1859-1930) – орыс, кеңес жазушысы. Николай Касаткин көшесі Әуезов ауданында. Бұл көше жазушы атымен 1959 жылдан бастап аталады.

Владимир Короленко (1853-1921) – орыс жазушысы. Владимир Короленко көшесі Бостандық ауданында. 1954 жылдан бастап жазушы атымен аталады.

Александр Куприн (1870-1938) – орыс жазушысы. 1961 жылы Алатау ауданындағы көшеге Александр Куприн есімі берілді.

Борис Лавренев (1891-1959) — орыс жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Лавренев көшесі Түрксіб ауданында. 1961 жылы берілген.

Николай Лесков (1831-1895) – орыс жазушысы. Бостандық ауданының кішкентай көшесіне жазушы аты қашан берілгені белгісіз. Ол Марков және Минусинская көшелерінің ортасында жатыр.

Антон Макаренко (1888-1939) – орыстың ұлы педагогі, жазушы, теоретик. Макаренко көшесі Жетісу ауданында. 1954 жылы берілген.

Дмитрий Мамин-Сибиряк (1852-1912) – орыс жазушысы. Көше Жетісу ауданында. Жазушы есімі көшеге 1956 жылы берілді.

Сергей Марков (1906-1978) – кеңес жазушысы. 1980 жылы Бостандық ауданындағы көшеге Сергей Марков есімі берілді.

Самуил Маршак (1887-1964) – кеңес ақыны. Маршак көшесі Алмалы, Бостандық аудандарында. Көше 1956 жылы Маршак атала бастады.

Владимир Маяковский (1893-1930) – орыс, кеңес ақыны. Ақынға Алматының көшелерінің бірі қай жылы берілгені белгісіз. Маяковский көшесі Жетісу ауданында.

Николай Некрасов (1821-1877) – орыс ақыны, революционер, демократ. Түрксіб ауданындағы көшелердің бірі Николай Некрасов есімімен аталады.

Анна Никольская (1899-1977) – жазушы, аудармашы. Көше Түрксіб, Жетісу аудандарында. Анна Никольская көшесі 1997 жылдан бері бар.

Николай Огарев (1813-1877) — орыс революционер-демократы, ақын-публицист. 1958 жылы Түрксіб ауданындағы көшеге орыс ақынының есімі берілген.

Александр Одоевский (1802-1839) – орыс ақыны. Бұл кішкентай көше Әуезов ауданында. Ақынның атымен 1957 жылдан бастап аталады.

Николай Островский (1904-1936) – кеңес жазушысы. Островский көшесі Жетісу ауданында.

Петр Павленко (1899-1951) – кеңес жазушысы. Жетісу ауданындағы көшеге Петр Павленко есімі 1956 жылы берілді.

Евгений Петров (1903-1942) – орыс жазушысы. Көше Алатау ауданында жатыр.

Дмитрий Писарев (1840-1868) – орыс әдебиетінің сыншысы, публицист. Дмитрий Писарев аты берілген көше Түрксіб ауданында.

Алексей Плещеев (1825-1893) – орыс ақыны. Плещеев көшесі Бостандық ауданында.

Николай Погодин (1900-1962) – кеңес драматургы. 1962 жылы Медеу ауданындағы көшеге Николай Погодиннің аты берілген.

Александр Полежаев (1804-1838) – орыс ақыны. Полежаев көшесі Жетісу ауданында. 1858 жылы берілген.

Николай Помяловский (1835-1863) – орыс жазушысы. Түрксіб, Жетісу аудандарында. 1958 жылы берілді.

Михаил Пришвин (1873-1954) – орыс жазушысы. Әуезов ауданындағы көшеге оның аты 1958 жылы берілді.

Александр Пушкин (1799-1837) – орыстың ұлы ақыны, жазушы, драматург. Пушкин Медеу ауданындағы Мақатаев көшесі мен Райымбек даңғылының ортасында жатыр. Көшеге Александр Пушкин есімі 1899 жылы берілген.

Пушкин көшесіндегі "Әсем" үйі. 1977 жыл
Фото: Meshok.net

Александр Радищев (1749-1802) – орыс жазушысы. Александр Радищев көшесі Алматының Жетісу ауданында.

Дмитрий Садовников (1847-1883) – орыс ақыны. Әуезов ауданындағы көше ақынның есімімен 1959 жылдан бастап аталады.

Михаил Салтыков-Щедрин (1826-1889) – орыстың сатирик жазушысы. Михаил Салтыков-Щедрин көшесі Жетісу ауданында жатыр. 1956 жылы берілген.

Александр Серафимович (1863-1949) – орыс кеңес жазушысы. Жазушының атына берілген көше Жетісу ауданында.

Леонид Соболев (1898-1971) – орыс жазушысы, аудармашы. Түрксіб ауданындағы көшеге Леонид Соболев есімі 1974 жылы берілген.

Николай Станкевич (1813-1840) – орыс ақыны, жазушы, публицист. Ақынның атындағы көше Түрксіб ауданында.

Лев Толстой (1828-1910) – орыстың ұлы жазушысы. Оның атындағы көше Түрксіб ауданында. Қай жылы берілгені туралы дерек сақталмаған.

Константин Тренев (1876-1945) — орыс жазушысы, драматург, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. 1958 жылы Түрксіб ауданындағы көшелердің біріне Константин Треневтің есімі берілген.

Иван Тургенев (1818-1883) – орыстың ұлы жазушысы. 1957 жылы Алматыдағы көшелердің біріне ұлы жазушының есімі берілді. Тургенев көшесі Әуезов ауданында.

Федор Тютчев (1803-1873) – орыс ақыны. Көше Бостандық ауданында орналасқан.

Глеб Успенский (1843-1902) – орыс жазушысы. 1956 жылы Түрксіб ауданындағы көшеге Глеб Успенскийдің есімі берілген.

Александр Фадеев (1901-1956) – орыс жазушысы. Фадеев көшесі Алатау ауданында. 1957 жылы берілген.

Денис Фонвизин (1744-1792) – орыстың сатирик жазушысы. Сатириктің атына берілген көше Медеу ауданында.

Николай Чернышевский (1828-1889) – орыс философы, әдеби сыншы, материалист, революционер. Философтың есімі Түрксіб ауданындағы көшелердің біріне берілген.

Антон Чехов (1860-1904) – орыстың ұлы жазушысы. Антон Чехов атымен Түрксіб ауданындағы көше 1944 жылдан бері аталады.

Вячеслав Шишков (1873-1945) – орыс кеңес жазушысы. Алатау ауданындағы көшеге жазушының аты 1958 жылы берілген.

Михаил Шолохов (1905-1984) — орыстың ұлы жазушысы, академик, Нобель сыйлығының иегері. Шолохов көшесі Түрксіб ауданында.

Василий Шукшин (1929-1974) — орыстың ұлы жазушысы, кинорежиссер, актер. Медеу ауданындағы «Таулы қырат» шағын ауданындағы көшеге Василий Шушкин есімі 1981 жылы берілген.

Иван Шухов (1906-1977) – орыс жазушысы. Алматыдағы көшелердің біріне жазушының аты 1978 жылы берілген. Көше Медеу ауданында.

Ағылшын әдебиеті өкілдері

Джордж Байрон (1788-1824) – ағылшынның романтик ақыны. Түрксіб ауданындағы көшеге оның есімі 1958 жылы берілген.

Уильям Шекспир (1564-1616) – бүкіл әлемге танымал ағылшын драматург, ақын. Ұлы ақынның есімі Алматының Жетісу ауданындағы көшеге 1966 жылы берілді.

Украин және белорус әдебиеті өкілдері

Тарас Шевченко (1814-1861) — украин ақыны. Шевченко көшесі Достық даңғылынан Розыбакиев көшесіне дейін (Алмалы, Медеу аудандары) созылып жатыр.

Шевченко көшесі
Фото: Wikipedia.org

Иван Франко (1856-1916) — украин жазушысы. Түрксіб ауданындағы көшеге оның аты 1958 жылы берілген.

Янка Купала (1882-1942) – белорус ақыны, аудармашы, публицист. Янка Купала көшесі Түрксіб ауданында.

Аркадий Кулешов (1914-1978) – белорус ақыны. Ақынның атындағы көше Бостандық ауданында. 1957 жылы берілген.

Сонымен қатар Алматыда қырғыз, өзбек, ұйғыр, башқұрт, тәжік, поляк, татар, әзірбайжан, осетин, словен, еврей, дағыстан, грузин, испан, неміс, чех, француз әдебиетіне еңбегі сіңген ақын-жазушылардың атындағы көшелер де бар. Олардың қатарында күллі түркі дүниесіне ортақ Қожа Ахмет Ясауи, Мұхаммед Физули, Әлішер Науаи есімдері аталады. 

Мұхаммед Физули (1494-1556) — әлемге белгілі Шығыстың дарынды шайыры, әзірбайжан ақыны. Физули көшесі Түрксіб ауданында. 1996 жылы берілген.

Қожа Ахмет Ясауи (1093-1166) — бүкіл түркі сопыларының атасы саналатын ақын әрі философ. Әзірет сұлтанның есімі Әуезов ауданы «Достық» шағын ауданындағы көшеге 1991 жылы берілген.

Шыңғыс Айтматов (1928-2008) — әлем әдебиетінің классигі, қырғыз ұлтының өкілі. Наурызбай ауданы «Таусамалы» шағын ауданындағы көшеге классиктің есімі тек 2017 жылы берілген.

Тоқтағұл Сатылғанов (1864-1933) – қырғыз ақыны. Ақынның есімі Түрксіб ауданындағы көшеге 1963 жылы берілген.

Әлішер Науаи (1441-1501) – өзбектің ұлы ақыны. Көше Бостандық ауданынан басталып, Әуезовке дейін созылып жатыр. 1974 жылы берілген.

Закирджан Фуркат (1858-1909) – өзбек ақыны, публицист, демократ. Фуркат көшесі Әуезов ауданында. 1958 жылы берілген.

Изим Искендеров (1906-1970) — ұйғыр, кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын. Медеу ауданы «Таулы қырат» шағын ауданындағы көшеге ақынның есімі 1981 жылы берілген.

Зия Самади (1914-2000) — Қазақстанның халық жазушысы. Алатау ауданы «Ақбұлақ» шағын ауданындағы көшеге Зия Самади есімі 2003 жылы берілген.

Исмаил Саттаров (1916-1944) – ұйғыр ақыны, драматург. Исмаил Саттаров көшесі Медеу ауданында. Көшеге ақынның есімі 1981 жылы берілген.

Кәрім Мұстай (1919-2005) — башқұрт ақыны, жазушы, драматург. Әуезов ауданы «Таугүл» шағын ауданындағы көшеге жазушының есімі 2019 жылы берілді.

Мұхаммед Рудаки (860-941) – тәжік және парсы әдебиетінің негізін қалаушы, ақын. Түрксіб ауданындағы көшеге оның есімі 1963 жылы берілген.

Мирза Ахундов (1812-1878) – әзірбайжан жазушысы. Әзірбайжан әдебиеті өкіліне берілген көше Медеу ауданында. 1962 жылы берілген.

Шолом Алейхем (1859-1916) – еврей жазушысы, драматург, идиш тіліндегі көркем әдебиетті қалыптастырушылардың бірі, балалар жазушысы. Көше Бостандық ауданында Шашкин мен Марков көшелеріне параллель жатыр.

Коста Хетагуров (1859-1906) – осетин ақыны. Көше Түрксіб ауданында. 1963 жылы берілген.

Шота Руставели (XII ғ.) – грузиннің ұлы ақыны. Көше Түрксіб ауданында.

Юлиус Фучик (1903-1943) – чех жазушысы. Түрксіб ауданындағы көшеге жазушы есімі 1963 жылы берілген.

Ғабдолла Тоқай (1886-1919) – татар ақыны. Тоқай көшесі Түрксіб ауданында. 1962 жылы берілген.

Сулейман Стальский (1869-1937) – дағыстанның халық ақыны. Жазушының атындағы көше Түрксіб ауданында.

Юлиуш Словацкий (1809-1849) – поляк ақыны. Түрксіб ауданындағы көшеге ақын есімі 1958 жылы берілген.

Иоганн Вольфганг Гете (1749-1832) – неміс ақыны, жазушы. 1993 жылы жазушының есімі Түрксіб ауданындағы көшеге берілген.

Мигель де Сервантес Сааведра (1547-1616) – испан жазушысы. Түрксіб ауданындағы көшеге Мигель Сервантес есімі 1957 жылы берілген.

Оноре де Бальзак (1799-1850) – француз жазушысы. Бальзак көшесі Бостандық ауданында Әл-Фараби даңғылы мен Тимирязев көшелерінің ортасында жатыр. Көшеге жазушының есімі қашан берілгені белгісіз.

Валентин Водник (1758-1819) — словен ақыны, аудармашы, сыншы. Алатау ауданындағы көшелердің біріне оның есімі 1958 жылы берілген.

Иван Куратов (1839-1875) — коми халқының көрнекті ақыны. Көше Медеу, Жетісу аудандарына созылып жатыр. Ақынның аты көшеге 1982 жылы берілген.