Қазақстан Парламенті депутаттары каникулға шықты

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, алтыншы сайланған Парламент төртінші сессиясын аяқтады.

Бүгін біз Қазақстан Республикасының алтыншы сайланған Парламентінің төртінші сессиясын аяқтап отырмыз. Бұл — дәстүр бойынша атқарылған жұмыстарға есеп беріп, алдағы мақсаттарға назар аударатын маңызды кезең. Әрине, қай қоғамда болса да, қай уақытта болса да заңның орны әрқашан ерекше. Себебі заң бар жерде әділдік, бостандық және тыныштық бар. Осы жолда Парламент еліміз үшін, халқымыз үшін көптеген қажет заңдарды қабылдады. Онда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төртінші сессияның ашылуында берген тапсырмалары мен Қазақстан халқына Жолдауы басшылыққа алынды, — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Ол өткен сессия маңызды тарихи оқиғаларға толы болғанын айтты. Бірлескен отырыс барысында Мәжіліс спикері дәстүр бойынша атқарылған жұмыстарға есеп берді.

Сессия барысында қос палатаның 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 41 және Сенаттың 26 жалпы отырысы өтті. Онда 319 маңызды мәселе қаралды. Жалпы, төртінші сессия басталған кезден 83 заң жобасы қабылданды. Оның ішінде 82 құжатқа Мемлекет басшысы қол қойып, олар күшіне енді, — деді Мәжіліс төрағасы.

Өткен сессияда Парламентте еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласының маңызды мәселелеріне арналған 20 Үкімет сағаты, үш парламенттік тыңдау, 24 дөңгелек үстел отырысы, комитеттердің 29 көшпелі отырысы, сонымен бірге төрт халықаралық конференция ұйымдастырылды.

ДереккөзInform.kz