Алмалы ауданының әкімі, мегаполистің экономикалық тергеу департаментінің басшысы мен кәсіпкерлер заңсыз ойын автоматтарын орнату мәселесін талқылады. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жыл басынан бері 560-тан астам ғимарат пен сауда орталықтарына ескертпе қағаз таратылған. Қазір республика бойынша тираждық лотерея сатумен айналысатын тек бір ғана оператор бар.
Біздің тақырыбымыз – заңсыз ойын бизнесіне қарсы әрекет ету бойынша қабылданған шаралар. Қазіргі таңда біз осыған байланысты аудан әкімдерімен жиналыс өткізіп жатырмыз. Оған көбіне кәсіпкерлер, атап айтқанда, дүкен, кейбір залдардың иелерін шақырып отырмыз. Бірінші мәселе – профилактикалық жұмыстарды жүргізу, – деді Алматы экономикалық тергеу департаментінің басшысы Дәулет Ақылбеков.
2019 жылы 250-ден астам құмар орындарының заңсыз қызметінің жолы кесілді. Биыл аталған қылмыс бойынша 715 қылмыстық іс тіркеліп, 88 тұлға, оның ішінде заңсыз ойын бизнесіне ғимарат берген 3 меншік иесі сотталды. Көлеңкелі айналымнан 626 ойын аппараты, 25 миллион теңгеге жуық ақша өндірілді.