Несие мен салық берешегі уақытылы төленбесе, не болады?

Әдетте несие беруші борышкердің несиені өз еркімен төлеуіне барынша күш салады: хабарласады, хат жолдайды, болмаса, істі соттың қарауына жібереді. Мұндай жағдайда Азаматтық кодекс бойынша борышкердің сотқа қатысуы шарт емес. Іс сырттай қаралып, сот шешімі бойынша санкция тағайындалады.

Мемлекеттік органдар салық берешегін төлеу туралы ескерту жібереді. Егер міндеттемелерді орындауға еш іс-әрекет жасалмаса, арнайы шара қолданылады.

Қарызын төлемеген азаматқа қолданылатын санкция немесе шара түрлері

Қаржылық санкцияға мыналар кіреді:

  • несиені уақытылы төлемеген азаматқа “тұрақсыздық айыбы” белгіленеді. Ол – міндетін орындамаған борышкердің несие берушіге төлейтін айыппұлы. Оның шекті мөлшері “ҚР Банктер және банк қызметі туралы” Заңының 35-бабында көрсетілген;
  • несиені қайтару үшін немесе салықты өтеуіңіз үшін шотыңызға тыйым салады. Шартта борышкердің жалақы немесе депозит шотында қаржылық операциялар жүргізуіне тыйым салдыруға құқық туралы көрсетілген болса, орындалады. Әлеуметтік жәрдемақы алынатын шотқа тыйым салынбайды;
  • кейде несие беруші мен борышкер арасындағы келісімшартта көзделген өзге де айыппұл болуы мүмкін.

Мүліктік санкция

Егер несие кепілдікпен алынса, онда кепілге салынған затты жоғалтып алу қаупі бар. Бұл мәселені ҚР Азаматтық кодексі мен “Жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы” Заңы реттейді.

Заңды күшіне енген шешімді орындамау қылмыстық жауапкершілікке апарады.

Құқықтық санкция

ҚР Қылмыстық кодексінің 430-бабы бойынша заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн алты айдан астам уақыт бойы орындамаған борышкер:

  • 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады;
  • үш жылға дейін бас бостандығынан шектеліп, мамандандырылған органның қадағалауында болады немесе түрмеде жазасын өтейді.

Егер борышкердің қарызы 20 АЕК-тен (50 500 теңгеден) асса және мерзімдік төлемдерді үш айдан астам уақыт төлемесе, сот борышкердің Қазақстаннан шығуына уақытша шектеу туралы қаулы шығара алады. Бұл туралы “Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы” заңының 33-бабында көрсетілген.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!