Басты бетЖаңалықтарАстанада InDriver...

Астанада InDriver такси қызметін алып тастай ма?

Талғат Арданның айтуынша, InDriver тәрізді такси қызметтері заң аясында жүргізілуі тиіс. «Осы орайда Үкіметте тиісті шаралар атқарылып жатыр», — дейді компания басшысы.

Астанада бірыңғай такси қызметін енгізгеннен кейін InDriver-ге тыйым салу мәселесі көтеріліп отырған жоқ. Бәрі нарықтық бәсекелестік негізінде шешіледі. Мәселен, ресми такси көліктері автобус жолақтарымен жүре алады. Бұдан бөлек, аялдамада тоқтап, мемлекеттік органдар мен халық көп жүретін жерге кіре алады. Осылайша, такси қызметінің тиімділігін барынша арттыру жоспарланған.

«Сол кезде InDriver бәсекелестікке шыдаса, жұмыс істейді, я болмаса, бізбен тең дәрежеде қызмет етеді. Оны ешкім жабайын деп жатқан жоқ. Біздіңше, Астанада құрылатын бірыңғай такси қызметінің жұмысы аса тиімді әрі басекеге қабілетті болады. халық өзі таңдау жасайды. InDriver-ді алады немесе қауіпсіз такси қызметін таңдайды», — деп атап көрсетті «Астана LRT» басшысы.

Айта кетейік, қазіргі кезде Астанада ресми түрде 400 автомобиль такси ретінде тіркелген. Ал нақты қажеттілік 3 400 көлікті құрап отыр. «Астана LRT» компаниясының басшысы Талғат Арданның айтуынша, алдағы уақытта компания 2000 мың көлікті сатып алуды көздейді.

«500 көлікті биыл жолға шығарамыз. Аталған көліктердің бәрі Азия АВТО мен Сарыарқа автопром сияқты отандық өндірістерден сатып алынады. Аталған зауыттармен келіссөздер жүргізілді. Біз тиісті талаптарға сай келетін көліктерді іріктеп алдық. Осы жұмыс барысында қауіпсіздік пен сапалы қызмет көрсету талаптары ескерілді», — деді Талғат Ардан.

Дереккөзbaq.kz