Енелер бұл тойды келінінің аяғы ауырлағанда жақын абысын-ажынның, ағайын-туыстың басын қосып өткізеді.

Құрсақ тойға келген қонақтар түрлі тәтті тағамды өздері үйден пісіріп әкеледі. Жүкті әйел жерік болуы мүмкін, ас-ауқаттың ішінен келіннің жерігін басатын тағам табылмай қоймайды. Меймандар өздерімен бірге тек ас-су емес, жылы лебізін де ала келеді. Олар келіншектің тезірек қол-аяғын бауырына алуы үшін жақсы тілек айтады. Әйелдер өздерінің қолжаулықтарын жақсы ниетпен босағаға ырымдап іліп кетеді. Оның мәнісі – “аяқ-қолымыз жеңіл болсын”, “үйдегі бақыт бізбен бірге еріп кетпесін” дегені. Осылайша көптің тілегінде күш бар деп сенген қазақ халқы ана мен баланың амандығы үшін барлық туыс-бауырдың тілегі бір жерден шығуын қош көрген.

Тіл-көзден сақтануға үлкен мән берген қазақ халқы көп нәрсені атымен атамаған. Сол сияқты жүкті әйелге де жұрттың көзі өтіп кетпесін деген оймен “ішінде көжесі бар”, “күмәнді”, “аяғы ауыр” деп тұспалдап айтады.

Құрсақ той туралы “Алпамыс батыр” жырында:

Құтты болсын деді де, Құрсақ шашу жеді де, Қайтадан халқы тараған, – деп жазылған.

Академик Ақселеу Сейдімбектің еңбектерінде “Құрсақ шашу” дәстүрі Алпамыс батырдың заманында, Жиделібайсын жерінде қалыптасқаны туралы дерек келтіреді. Құрсақ шашу тойы туралы алғашқы дерек “Алпамыс батыр” жырында кездесетіндіктен осындай қорытындыға келген болуы мүмкін. Бірақ бұл пікірдің қаншалықты шындыққа сай келетінін ешкім дөп басып айта алмайды.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!