Басты бет2026 жылы...

2026 жылы Қысқы Олимпиада қай қалаларда өтетіні белгілі болды

24 маусым күні Лозаннада (Швейцария) Халықаралық Олимпиада комитетінің 134-сессиясы басталды. Жиында ХХV Қысқы Олимпиада Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццода өткізілетін болып шешілді. Қалаларды таңдау дауыс беру нәтижелері арқылы анықталды.

Сессияда ХОК-тің қазіргі және келешектегі саясатына қатысты бірқатар мәселелер талқыланады. Сессия жұмысына Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті басшысы Тимур Құлыбаев та қатысып жатыр. 134-сессия 26 маусым күні аяқталады.

Соңғы Қысқы Олимпиада ойындары Пхенчханда өткен болатын. 2022 жылы өтетін ХХІV Қысқы Олимпиаданы Алматымен таласқа түскен Қытай астанасы Бейжің жеңіп алған еді.

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде Қысқы Олимпиадаға қатысуды 1994 жылы Лиллехамерде өткен XVІІ ойындардан бастады.  Онда атақты шаңғышы Владимир Смирнов бір алтын, екі күміс жеңіп алды. Содан бері Қазақстан құрамасы қысқы ойындарға үзбей қатысып келеді. 1998 XVІІІ Қысқы Олимпиаданың алауы Наганода тұтанды. Онда Қазақстан құрамасынан шаңғышы Владимир Смирнов пен конькимен жүгіруші Людмила Прокашева қола медаль жеңіп алды. Қазақстан спортшылары 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен XІХ Қысқы Олимпиада мен  2006 жылғы Туринде өткен XХ Қысқы Олимпиадада жүлдесіз қалды. 2010 ХХІ Қысқы Олимпиаданы Ванкувер қабылдады. Онда қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальді жеңіп алса, 2014 жылы Сочиде өткен ХХІІ Олимпиадада  мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей бәсекеде Денис Тен Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды. Пхенчханда өткен соңғы Қысқы ойындарда фристайл-могулдан Юлия Галышева қола медаль жеңіп алған болатын.

ДереккөзІnform.kz