Арыс оқиғасы. Бір адам қайтыс болды

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев брифинг кезінде Арыстағы жарылыс салдарынан бір адам қайтыс болғанын хабарлады.

Арыстағы жарылыс салдарынан зардап шеккендер саны — 31. Оның екеуі ауыр халде жатыр. Бір адам қайтыс болды. Оның көлігіне снаряд түскен, — деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Оқиғадан зардап шеккендер саны артып жатыр. Олардың қатарында балалар да бар. Бұған дейін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар 46 адам медициналық көмекке жүгінгенін хабарлады, олардың бесеуі – бала.

Арыстағы төтенше жағдайға байланысты Ордабасы ауданында медициналық штаб жұмыс істеп жатыр.

Қазіргі уақытта Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың басқаруымен шұғыл жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бүгін, 24 маусымда Арыстағы әскери бөлімшенің территориясында жарылыс болған еді. Қазіргі уақытқа дейін жарылыстың неден болғаны айтылмай отыр.

Оқиғаға байланысты Шымкент төтенше жағдайлар департаментінде «Қауырт желісі» жұмыс істейді. Тәулік бойы:

  • 8 7252 44 94 72
  • 8 7252 35 33 66
  • 8 7253 35 83 02
  • 8 7172 53 32 84
  • 8 7172 53 32 79 телефон нөмірлеріне хабарласып, ақпарат алуға болады.
ДереккөзTengrinews.kz