«Қаланы қалпына келтіреміз». Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс тұрғындарымен кездесті

Мемлекет басшысы қару-жарақ қоймасындағы жарылыстардың зардаптарын қалпына келтіру жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. Бұл туралы Президенттің бас баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқиға орнындағы жағдай мен атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Мемлекет басшысы ең алдымен қайтыс болған азаматтың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Президент баспанасыз қалған азаматтарды жедел орналастыруды қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдап, зардап шеккендерге қажет жан-жақты көмек, соның ішінде медициналық жәрдем көрсетуді тапсырды. Мемлекет басшысы мемлекеттік материалдық қордың есебінен қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажет тауарлар мен материалдық құндылықтарды беруге пәрмен берді. Үкімет пен облыс әкімдігіне қалпына келтіру жұмыстарының құнын есептеп шығаруды және тұрғын үйлерді, инженерлік желілерді, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін Үкіметтің қорынан қажет қаражаттың бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды, — делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнында құтқару және қалпына келтіру жұмыстары барысында ведомствоаралық өзара жүйелі іс-қимылды ұйымдастыруды, жарылыстардың себептерін мұқият зерттеуді де талап етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Арыс
Фото Ақорданың баспасөз қызметінен

Мемлекет басшысы эвакуацияланған халықпен де кездесіп, зардап шеккендерге Үкімет жәрдемдесетініне уәде берді.

Қаланы қалпына келтіреміз. Бәрі жақсы болады, сабыр етіңіздер. Бұл — төтенше жағдай, апат. Қайтеміз, кей уақытта солай болады. Үкімет қаражат береді, көмектеседі, уайымдамаңыздар. Жөндеу жүргізіледі. Мен арнайы келдім, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінен кейін халық қол соқты.

Барлық облыс көмектеседі, бастысы, сіздерге Үкімет жәрдемдеседі. Балаларға қатысты айтар болсақ, Ақмола және Павлодар облысы қазірдің өзінде осы сұмдық жағдайдан кейін балаларды жазғы маусымға алуды ұсынып отыр. Сәл сабыр етіңіздер, бәрі жақсы болады. Барлық сұрақты бақылауыма аламын, — деді Президент.

Қазір Қазақстан бойынша «Арыс, біз біргеміз» акциясы басталды. Мәдениет және спорт министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері жарылыстан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын аударады. Бұл бастамаға депутаттар да қосылған.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек беру үшін облыс әкімдігінің жанынан ашылған «Түркістан» корпоратив әлеуметтік даму қорына хабарласуға болады.

24 маусымда Арыстағы әскери бөлімшенің территориясында жарылыс болды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жарылыс салдарынан бір адамның қайтыс болғанын, 31 адамның зардап шеккенін хабарлады.