Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар Арыста болған жарылыстан кейін 46 адам медициналық көмекке жүгінгенін хабарлады, олардың бесеуі — бала. Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай үш адамның ауыр жағдайда жатқанын хабарлаған.
Арыстағы төтенше жағдайға байланысты Ордабасы ауданында медициналық штаб құрылды.
Қазіргі уақытта Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың басқаруымен шұғыл жұмыстар жүргізіліп жатыр.
34 адам Түркістан облыстық ауруханасына жатқызылды. Бір адам реанимацияда. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр деп жатыр, — деді ведомстводағылар.
Айта кетейік, Ордабасы аудандық орталық ауруханасынан және Облыстық клиникалық ауруханасында науқастарға 200-ден аса орын дайындалды. 30 жедел жәрдем көлігі Шымкентке кірер үш жолға қойылды.
Бүгін, 24 маусымда Арыстағы әскери бөлімшенің территориясында жарылыс болған еді.
Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев төтенше оқиға туралы мәлімдеме жасаған болатын.
Арнайы комиссия құрылды. Қазіргі уақытта эвакуация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сөзсіз, бұл – төтенше оқиға, оның алып жатқан аумағын әлі айта алмаймын, – деді Тимур Дәндібаев журналистерге Сенаттың кулуарында.
Ордабасы аудандық әкімдігі Бөген суқоймасының ашылатыны туралы ақпараттың жалған екенін хабарлап, тұрғындарды сабырлыққа, қауесет сөзге сенбеуге шақырды.
Оқиғаға байланысты Шымкент төтенше жағдайлар департаментінде “Қауырт желісі” жұмыс істейді. Тәулік бойы 8 7252 44 94 72 немесе 8 7252 35 33 66 телефон нөмірі бойынша ақпарат алуға болады.