— «Болашақ» бағдарламасымен шетелдегі жоғары оқу орнына қалай түстіңіз?

— 2010 жылы Work and Travel USA бағдарламасымен Нью-Йоркке барғанымда Колумбия университетінің кампусын, студенттерін көріп, шетелдің беделді университетінде оқуды армандап елге оралдым. Бірақ «Болашақ» бағдарламасының талаптары менің жағдайыма сәйкес келмеді. Сәтбаевтағы (Қарағанды) пәтеріміз 7 миллион теңгеге бағаланып, оқудың қаражатына жеткілікті сома болмай шықты. Оқуға тапсыра алмай, қызмет бабымен Нұр-Сұлтанға ауыстым. 2016 жылы «Болашақ» бағдарламасының сайтынан талаптардың жеңілдегенін көріп, қуанып кеттім. Бірақ ол кезде жұмыс істеп жүргендіктен ешбір категорияға сәйкес болмадым. 2017 жылы «Жалпы конкурс» деген категория ашылды. Құжаттарымды тапсырған соң Халықаралық бағдарламалар орталығы ұйымдастырған тесттерден өттім. IELTS  сынағынан 7.0 балл жинап, сертификат алдым. Одан бөлек, қазақ тілі, Қазақстан тарихы, құқық пәнінен және психологиялық тест тапсырдым. Тесттерден өткен соң іріктеуші комиссиямен сұхбаттастым. Ағылшын тілінің мұғалімі ретінде тілді жан-жақты терең зерттеу үшін ағылшын лингвистикасы мамандығын таңдадым.

3 айдан соң тізімнен есімімді тауып қуанып қалдым. Содан уақыт өткізбей, бірден бірнеше британдық университеттің сауалнамасын толтырдым. Саутгемптон университетінен, Рединг университетінен, Ланкастер университетінен, Лондон университеттік колледжінен (UCL), Лондон корольдік колледжінен (King’s College London) оқуға шақырған хаттар келді. Лингвистика саласы бойынша ең үздік деп есептелетін UCL университетін таңдадым.

Азамат Сауғабай
Азамат Сауғабай. Фото жеке архивінен

«Болашақ» бағдарламасымен оқуға тапсыратын талапкер мемлекет алдындағы міндетін ұмытпауы қажет. Шәкіртақы иесі болу үшін талапкер үйін, яғни мүлкін кепілге қояды. Оған қоса, мемлекет әр талапкерге үлкен қаржы бөледі. Бұл — үлкен жауапкершілік.

— Ағылшын лингвисткасы мамандығын меңгерудің маңызы қандай?

— Ағылшын тілінің мұғалімі болған соң тілді жан-жақты зерттеп, өз ісімнің шебері болғым келді. Қазақстан мектептерінде ағылшын тілінен сабақ бергенде көп ережені дұрыс түсіндіре бермейді. Ағылшын тілі  — ғасырлар бойы бірнеше тілдің грамматикасын, синтаксисін, лексиконын жинаған құрама тіл. Сондықтан бір сөздің ережесі басқа бір сөзге сәйкес келмейді. Мысалы, зат есімнің көпше түрінде -s жалғауы қойылады (cat – cats, cloud – clouds), бірақ child, ox, mouse сөздеріне көпше түрде өзге жалғауды алады (child – children, ox – oxen, mouse – mice). Бұны біздегі мұғалімдер «осылай болуы керек» дейді. Мен де солай болуы керек деген оймен сөздерді жаттап өстім. Кейін сабақ бергенде түсіндіре алмай қиналатын едім. Түсіндіріп тұрғанмен, өзгелерге түсіндіре алмайсың. Бізде мектеп, университетте бұрынғы ХХ ғасырдың басында жазып кеткен ғалымдардың еңбегіне сүйеніп, прескриптивис тіл оқытады. Ол дегеніміз — қатаң ережені ғана қадағалап, қолданыстан шыққан сөздерді қолдану. Салалық емес университеттерде әлі күнге дейін кеңестік лингвистер — Аракин, Верещагина, Бонк сияқты авторлардың кітабымен оқытады. Британияда кешкі асты кеңес кітаптарында үйреткендей supper емес, dinner деп атайды. Бізге қазір тілді меңгеруде дескриптивис тәсіл немесе қолданыстағы  потенциал тіл керек. Сонымен қатар тілдерге жақын болғандықтан лингвистика негіздерін пайдаланып, бірте-бірте түркітану ғылымына бет бұрғым келеді. Себебі Тұранды билеп отырған түркі тайпаларының заңды ұрпағы ретінде түркі әлемін біріктіруде Түркия емес, Қазақстан жетекші роль атқаруы керек деп есептеймін. Ал сол үшін өзіміздің тілімізді, мәдениетімізді, тарихымызды зерттеуіміз керек.

— Лондондағы университеттердің ерекшелігі қандай?

— Аз балл алып қалған студенттің емтиханды оқу жылының соңында қайта тапсыруға мүмкіндігі бар. Ол ағылшын тілінде Late Summer Assessment деп аталады. Егер белгілі себеппен емтиханға қатыса алмасаңыз, жазғы сессияда қайтадан еш ақысыз тапсыруға болады. Сессияның бұл түрі deferral (кейінге шегеру) деп аталады. Ал емтиханға қатысып, жеткіліксіз балл алcаңыз, қайта ақысыз тапсыру түрін — resit (қайта тапсыруды) байқап көріңіз. Емтиханнан орта балдан төмен алсаңыз, келесі жылға қалып, барлық курсты басынан бастап оқисыз. Содан кейін емтихан тапсырасыз, ол repeat (қайталап қайта тапсыру) деп аталады. Сессияның бұл түріне оқу курсының толық сомасын төлейсіз. Тағы бір ерекшелігі — жеткілікті балл алғанда да дипломды келесі жылы береді.

Азамаь Сауғабай
Азамат Сауғабай. Фото жеке архивінен

— Шетелдe оқуды мақсат еткен талапкер нені білуі керек, неден бастауы керек?

— Ол алдымен оқуға тапсырғысы келетін мамандығын жан-жақты зерттеуі керек. «Болашақ» бағдарламасынан басқа әртүрлі ел ұсынатын көптеген стипендия бар. Ұлыбританияда магистратураға түсуге арналған Chevening деген шәкіртақы бар. Британ үкіметі бар шығынды өтеп, ай сайын стипендия төлейді. «Болашақтан» ерекшелігі — ешқандай мүлікті кепілге қоюдың қажеті жоқ, тек оқуды аяқтағаннан соң елге оралуы керек. Германияда DAAD бағдарламасы бірнеше грант ұсынады. АҚШ-та Fulbright, Edmund Muskie шәкіртақылары бар. Өзге Еуропа елдерінде де тегін гранттар ұсынады. Басты талап — тіл білу қажет.

— «Болашақ» бағдарламасы сізге не берді, сізді қалай өзгертті?

— «Болашақ» маған арман мен мақсат берді. Алға қарай талпынуыма құлшынысымды оятты. Бұрын бір қызметте жұмыс істеп, одан айрылып қалуға қорқатын едім. Ал білімімді жетілдірген соң қоғамда өсуге деген мүмкіндіктің көп екеніне көзім жетті. Өмір деген тек Қазақстанмен ғана шектелмей, одан үлкен ашық әлем бар екеніне сенім ұялатады. Шетелде беделді жұмыс ұсынса, барып жұмыс істеп, тәжірибе жинау қажет. Бұл бағдарлама басқа елдердің қалай ойлайтынын, жұмыс істейтінін көріп, еліңді көркейтуге мүмкіндік ұсынады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!