Дубляж жобасын «Болашақ» корпоратив қоры, «Меломан» компаниясы, Aray Media Group студиясы мен демеуші BI Group құрылыс холдингі бірлесіп іске асырған.
«Ойыншықтар хикаясы 4» анимациялық фильмнің режиссеры – Джош Кули. Басты рольдерді Том Хэнкс, Энни Поттс, Тим Аллен, Кристина Хендрикс, Киану Ривз дыбыстайды. Анимациялық трилогиядан құрылған дебюттік фильм 1995 жылы үлкен экранға шыққан. «Ойыншықтар хикаясы 4» алғаш рет қазақ тілінде дубляждалды. Қазақша дубляждың режиссеры – Назерке Леспекқызы, аудармашысы – Әсел Мамырова, мәтіндерді салушы — Гүлжан Сауыртаева. Басты рольдерді Жанат Тынбаев (Woody), Айман Есенқызы (Bo), Фариза Бекібайқызы (Gabby Gabby), Жанқалдыбек Төленбаев (Buzz), Мұратбек Бейсенбаев (Forky), Тілектес Мейрамов (Ducky), Мирас Жақыпов (Giggle Mcdimples), Нышанбек Жұбанаев (Bunny), Айгүл Иманбаева (Dolly) дыбыстады. Дубляж кастингіне Нұр-Сұлтан мен Алматыдан 50-ден астам актер қатысқан. Қазақшаға аударылған фильмнің жабық көрсетілімін көппен бірге Алматы әкімі Бауыржан Байбек те тамашалады. Ол дубляжға мемлекет қаржысының жұмсалмауына ықпал еткен демеушілерге алғысын білдірді.
Анимациялық фильмге арналған әзілдерді алғаш рет қазақстандық көңілді тапқырлар клубы әзірледі. Туындының басты үш саундтрегін «Ринго» тобының әншісі Данияр Өтеген орындады. Қазақ тіліндегі үш саундтректің екеуі ITunes-қа шықты.
Бұл – тек балаларға емес, үлкендерге де қызық фильм. Мен бала кезімнен мультфильмді сүйсініп көремін. Бүгін прокатқа шығатын «Ойыншықтар хикаясы 4» анимациялық фильмін көруді асыға күттім. Меніңше, фильмді өзің қалайтын, түсінетін тілде тамашалау маңызды. Ал Диснейдің мультфильмдері – бөлек әлем, өйткені бала кезімде әр жексенбі сайын олардың басталуын күтіп, әндерін жатқа білетін едім. Осыншама жылдан кейін ең сүйікті мультфильмдерімнің қатарына кіретін «Ойыншықтар хикаясы 4» фильмінің дубляж кастингінен өтпесем де, саундтрегін орындау — мен үшін үлкен қуаныш, — деді әнші Данияр Өтеген.
Ұлттық фильмдердің сапасын арттыруды мақсат еткен BI Group холдингі «Болашақ» корпоратив қорының алдағы жұмыстарына қолдауды жалғастырады. Холдинг 2018-2019 жылдар аралығында 400 миллион теңгеге қаржылай көмек көрсеткен болса, алдағы 2020 жылғы іс-шараларға 350 миллион теңге бөліп отыр.
«Өзіңнен баста» әлеуметтік жобасы аясында 100-ден астам отандық актер Walt Disney Pictures дауыс базасында тұр. Ол — Голливуд фильмдерін қазақ тілінде көркемдік дубляждауды жүзеге асырып жатқан жоба. Қазақ тілі Walt Disney компаниясының тарихында түрік тілінен кейін 39-шы және Sony Pictures үшін 7-орынға жайғасқан. Сонымен қатар қазақ тілі Шығыс Еуропа мен ТМД елдері үшін шығарылатын Blu-Ray-де көруге қолжетімді Голливуд фильмдерінің 7 негізгі тілдеріне кірді.