Қасым-Жомарт Тоқаев: Батыл ұрпақ өсіп келеді

Қазақстан Президенті - Жоғарғы бас қолбасшы V "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуына қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-патриоттық жиынға қатысушыларды құттықтап, іс-шараның ерекше маңызын атап өтті. Жиын еліміздің ең сенімді, жауапты, отаншыл әрі батыл жастарының басын қосып отырғанын айтты.

Біз Тәуелсіз еліміздің жастарына зор үміт артамыз. Дәстүрге айналған “Айбын” әскери-патриоттық жиыны Отанымыздың қорғаушысы болуға шақырылған жастар үшін бірегей алаң, – деді ол.

Қазақстан Президенті мемлекет тарапынан жастарды қолдауға және олардың әлеуеттерін жүзеге асыруына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Жастар – дамудың символы және жарқын болашаққа деген үміттің көрінісі. Президенттің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды Жастар жылы деп атағаны кездейсоқ емес.

Жастар ел өміріне белсенді араласып, азаматтық қоғамның дамуына және елімізді табысты жаңғыртуға септігін тигізіп жатыр. Елімізде Қазақстан жастарының бойында отаншылдық рухты қалыптастырып, тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді. Осыған орай “Жас сарбаз” республикалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы құрылды. Барлық өңірде бұл ұйымның бөлімшелері жасақталып, жұмыс істеп жатыр. “Жас сарбаздың” әскери-патриоттық клубтары мен сыныптарының саны 6 мыңға жетіп, 174 мыңнан астам баланы қамтыды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы жастарды әрқашан барлық азаматымызды біріктіретін ортақ құндылыққа – жасампаз еңбекке, бейбітшілік пен келісімге, халықтың бірлігіне, Отанға деген мақтаныш сезімге және оның ұлы тағдырына алаңдаушылық білдіруге шақырды.

Мен батыл ұрпақ өсіп келе жатқанын көріп тұрмын. Сіздер заманауи Қазақстанның биік мұраттары негізінде тәрбие алдыңыздар. Білімдеріңізбен және қажырлы еңбектеріңізбен Отанымыздың даңқын шығарасыздар. Тәуелсіздік құндылықтарын дәріптейтіндеріңізге, ел жетістіктерінің табысты эстафетасын абыроймен алып жүретіндеріңізге сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға арнаған сөзінде әр адамның өміріне қажет қасиеттер туралы айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, адам әуелі парасат, білім, кәсібилік пен Отанға деген адалдық қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев, Ержан Максим. Фото: Akorda.kz

Сіздерде күш, энергия мен шығармашылық әлеуеті зор. Осының бәрін өмірдегі басты мақсаттарыңызға қол жеткізуге жұмсаңыздар. Еліміз әрқайсыңыздың табысты болғандарыңызға мүдделі. Өйткені сіздердің жетістіктеріңізден тұтас елдің жетістігі қалыптасады. Сіздердің ой-мақсаттарыңыздың жүзеге асуына шын жүректен тілекшімін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында “Айбын” республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын ашық деп жариялап, қатысушылардың оқуына сәттілік, мықты денсаулық пен табыс тіледі.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев 2050 жылдың “Жас сарбаз” қозғалысына қатысушыларға арналған “уақыт капсуласын” қалауға қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қару-жарақ түрлері, құрлық әскерлері мен әуе қорғаныс күштері техникаларының мүмкіндігімен танысты. Мемлекет басшысы далалық лагерьмен танысып, қатысушылардың жатын орнын көрді, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерімен әңгімелесті.