Басты бетЖаңалықтарАлматыда балалар...

Алматыда балалар оркестрі мен ансамблінің шеруі өтті

Балаларды қорғау күні өткен мерекелік шеруге 5 мыңнан астам оқушы мен колледж студенттері қатысты. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шеруге қатысқан барабаншылар, черлидерлер, үрлемелі оркестрлер мен би ұжымдарының колонналары Астана алаңынан бастап, Төле би және Панфилов көшелерімен жүріп өтті. Шеру Жібек жолы көшесінде флэшмобпен қорытындыланды.

Оркестрлер шеруі – бұл тек балалар мен жастардың музыкалық мәдениетінің деңгейін көтеру ғана емес, мектебіне деген мақтаныш сезімін ояту, қаланың оқу орындарының беделін арттыру. Оқушылар мен студенттердің көше-фестивальдік шеруін дамыту — эстетикалық әрі патриоттық тәрбиенің маңызды факторы, — дейді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Жылқыбаева.

Балаларды мерекесімен құттықтап, отандық эстрада жұлдыздары Raim мен Artur, Серік Ибрагимов, «Сенім» вокал-хор студиясы өнер көрсетті. Ең кішкентай қонақтар үшін түрлі интерактив ойындар мен конкурстар ұйымдастырылды.

Халықаралық балаларды қорғау күні Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Бозторғай» конкурсы лауреаттарының гала-концерті өтті. Оған Испания, Болгария, Латвия, Армения Тәжікстан, Өзбекстан, Израил, Қырғызстан және басқа елдерден келген 600-ден астам конкурсант қатысты. Мерекеге орай саябақта жеңілдіктер ұйымдастырылып, балаларға балмұздақ таратылды.