Көлік тұрағы орнына спорт алаңы: Алматының орталық саябағы қалай өзгерді?

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы жөндеу жұмыстарының қарқынын тексерді. Алматыда жалпы қаланы реконструкциялауға билік тарапынан қолдау көрсету аясында саябақтың басқарушы компаниясы жаңа субұрқақтар, балалар мен спорт алаңдарын салып жатыр. Жеке қаржыдан барлығы 1,6 миллиард теңге инвестиция ретінде жұмсалды.

Қазіргі кезде Орталық мәдениет және демалыс саябағы айналасына жаңадан 182 жарық діңгегі орнатылған, тротуарларға кеспе тастар төселіп, жасыл аймақ кеңейтілген.

Саябақ аумағы бірнеше тақырыптық аймаққа бөлінген. Саябақ орталығында бұрын автокөлік тұрағы болған еді, қазір мұнда скейтодром мен роллердром, стрит-воркаут, теннис корты, баскетбол және балалар алаңдары жұмыс істеп жатыр.

Бұрынан бар фонтандарды қалпына келтіру және жаңасын салу жұмыстарына ерекше назар аударылған. Мысалы, 10 жылдан астам бойы текке тұрған субұрқақты қалпына келтіру жұмысы аяқталып қалды. Жазғы сахнаның шығыс жағына европалық қондырғылар қолданылған құрғақ фонтан салынып жатыр.

Барлық негізгі жұмыс биылғы қазан айына дейін аяқталады. Басқарушы компания жаңа, замануи аттракциондар да сатып алады.

Айта кетейік, қазір Алматының тарихи орталығын реконструкциялау одан әрі жалғасып жатыр. Былтыр Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Төлебаев, Байсейітова көшелері мен «Астана» алаңын жаңғыртылған болатын.

Ал биыл Абай, Абылай хан, Достық, Назарбаев, Желтоқсан даңғылдары, «Алматы 2» теміржол вокзалының айналасы және Республика сарайы алдындағы алаң жөнделіп жатыр.

Қалада ұзындығы 500 шақырым болатын 524 көше жөнделді. Барлығы 3787 ауланың 1400–і абаттандырылды. 800 шақырым инженерлік желілер жөнделді және салынды. Қалада 300 шақырым арық желісі жаңарды. Барлық жерасты өтпелі жолы толық жөндеуден өтті.