Алматыда түнде болған оқиғаға қатысты полиция мәлімдеме жасады

10 маусым сағат 18.00-де «Алғабас» ықшамауданындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында Ринат Зайытовтың шақыруымен рұқсатсыз митинг өткізу үшін бір топ адам жиналды. Олар полицияға қарсылық көрсетіп, артынша ұсталды.

Жиналғандардың арасында «Алматы Арена» ауданындағы жолды жауып тастағандар да болды. Ринат Зайытов кейіннен босатылды. Дәл сол аралықта Алматы полиция департаментінің («Целинный» ғимараты) алдында оған қолдау көрсету үшін бір топ адам жиналды. Ринат Зайытов үйінен қайтып келіп, жиналған қауымды ешқандай заңсыз іс-шараға қатыспауға және арандатушылық жасамауға үндеді. Содан кейін жиналған қауым тарап кетті. Бірақ бір адам жеке автокөлігіне отырып, Төле би көшесі мен Абай даңғылындағы көлік қозғалысына кедергі келтіреді. Оған тағы 3-4 автокөлік тізіліп, жай жылдамдықпен жүрді. Митингіге шыққандар түрлі дыбыс сигналын пайдаланды, осылайша олар сол жердегі басқа көліктердің қалыпты қозғалысына кедергі келтірді. Тағы бір топ адам көлік жүретін жолға шығып, апатты жағдай туғызды. Олар өздерін дөрекі ұстап, қатты айқайлап, қоғамдық тәртіпті бұзды. Заңсыз әрекетке барғандар қандай да бір талап, шарт қойған жоқ.

Заңсыз акцияның қатысушылары бірнеше қылмыстық әрекетке барды. Мысалы, сағат 01.00 шамасында Төле би мен Өтеген батыр көшесінің қиылысында заңсыз акцияға қатысушы бір көлік жол-патрульдік полиция қызметкерін қағып кетті. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шегушінің оң жақ сирағы, жамбас сүйегі зақымданған.

Жүргізуші қылмыс орнынан бой тасалағанымен, көп ұзамай ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабында көрсетілген қылмыс белгілері бойынша ұсталды. Алматы қаласының Алатау ауданында кешкі уақытта бір топ адам мас күйінде полиция автокөлігіне зақым келтірген. Олар көлікке тас лақтырды. Тәртіп бұзушылар ұсталды. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу тізімінде тіркелген.

Аталған құқық бұзушылықтар бойынша кешкі және түнгі уақытта call-орталығына қала тұрғындарынан 1250 өтініш келіп түсті. Оның 70%-ы түнде болған оқиғаға қатысты. Тұрғындар түнгі айқай-шудан шошынған. Ал жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға наразы болды. Полиция органдары заңсыз іс-әрекеттерді болдырмау шараларын қабылдады. Құқық бұзушылар ұсталды.

Қазір Алматыдағы жағдай бақылауға алынды. Көлік қозғалысы тұрақталды. Көшелерде қауіпсіздік сақталуы үшін барлық шара қабылданды. Полиция қоғамдық тәртіпті бұзуға, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіруге жол бермейтінін мәлімдейді. Қосымша мәліметтер ақпараттың нақтылануына қарай БАҚ-та хабарланатын болады.