Шымкентте жүзге жуық адам балмұздақтан уланды

«Қазіргі уақытта қолда бар мәліметтерге қарағанда, жүзге жуық адам балмұздақ жеп, уланғанын айтып ауруханаға келді. Барлығы ауруханаға жатқызылды. Олардан анализ алынды. 38 адам ауруханадан шығарылды», — дейді баспасөз хатшысы.

Мира Сүлеева жаппай улану бойынша сараптама қорытындысы әлі шықпағанын, нақты қанша адам балмұздақтан уланғаны сараптама қорытындысынан соң анықталатынын айтады.

2 сәуірде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев уланған тұрғындармен жолығып, облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің жұмысын сынға алып, қоғамдық тамақтандыру орындары тұрғындарға қызмет көрсетуде санитарлық нормаларды қатаң сақтауға міндеттеді.

Балмұздақтан уланған тұрғындар 29 наурыздан бастап жұқпалы аурулар ауруханасына түсе бастаған. Ауруханаға 30 наурызда 41 адам жатқызылған. Аурухана басшылығы жаппай улану дерегіне байланысты санитарлық эпидемиологиялық станцияға шұғыл хат жолдаған. Науқастардың барлығы қаладағы дүңгіршектердің бірінен балмұздақ жегенін айтқан.

ДереккөзCentralasian.org