— «Болашақ» бағдарламасымен шетелдегі жоғары оқу орнына қалай түстіңіз?

— Абай атындағы қазақ ұлттық университетін бітіргеннен кейін 2 жыл көлемінде Ж.Досмұхамедов атындағы педагогика колледжінде сабақ беріп жүрдім. Бір күні Facebook-те Алматыда тұратын досымның «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсіп, Манчестерде жүргенін көрдім. Сол кезде-ақ өзіме деген сенім пайда болды. Араласып жүрген адамдарым жеткен жетістікке мен де қол жеткізе алатыныма сендім. Содан жаз бойы ағылшын тілін оқыдым. Күзге қарай ағылшын тілінен тест тапсырдым. «Болашақ» талаптарына сай барлық сынақтан сүрінбей өтіп, 2012 жылдың желтоқсанында сол халықаралық бағдарламаның стипендиаты атандым.

Бастапқы кезде University College London университетінде 9 айға жуық ағылшын курсын, бір ай Reading курсын оқыдым. Ұлыбританияның Ковентриіндегі Уорик университетінде «Білім беру саласындағы менеджмент және көшбасшылық» мамандығы бойынша магистратураны бітірдім.

Болат Насығазы
Фото Болат Насығазының жеке архивінен

— «Болашақ» бағдарламасы сізге не берді, сізді қалай өзгертті?

— Уорик университеті адамның зерттеу дағдыларын дамытуға басты назар аударады. Білім беру саласында менеджментті қалай ұйымдастыру керек, олардың түрі, артықшылығы мен кемшілігі туралы толық үйрендік. Көшбасшы қасиетін қалыптастырумен қатар оның стильдерін де меңгердік. Жазу дағдысын да жоғары дәрежеде дамытуға септігін тигізді. Оқудан бөлек, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасым да өзгерді. Табиғатқа құрметпен, жауапкершілікпен қарауды үйрендім. Білім, ғылымға деген ерекше құштарлық пайда болды. Аналитикалық ойлауды, өз-өзіңмен жұмыс істеуді үйрендім. Self study, яғни өз бетіңмен оқу әдетін қалыптастырдым. Оған қоса, әдеби кітаптарды оқуға бұрынғыдан да қатты қызыға бастадым. Ойлау деңгейім жоғарлады. Ең бастысы — араласатын ортам өзгерді.

Болат Насығазы
Фото Болат Насығазының жеке архивінен

— Шетелдe оқуды мақсат еткен талапкер нені білуі керек, неден бастауы керек?

— Ол жақта сізді ешкім көтермелемейді. «Сабағыңды оқы, үлгермей жатырсың» деп те айтпайды. Студент өзі талаптануы керек. Табанды болып, барынша ерік-жігеріңді жұмсауыңыз керек. Оқуға түсерден бұрын ағылшын деңгейіңіз жоғары болса, өте көп көмегі тиеді. Ең бастысы — мамандықты, қаланы, университетті дұрыс таңдау. Таңдаған мамандығыңыз жөнінде көбірек ізденіп, толыққанды ақпарат білу керек.

— Ұлыбританияда оқып келген жастардың қауымдастығы бар екен. Ол қандай қызмет атқарады?

— UK alumni.kz — Ұлыбританияда оқып келген түлектер қауымдастығы. Қауымдастықты 2015 жылы қазан айында түлектердің басын қосып аштық. Мақсаты — Ұлыбританияда білім алғандар арасында байланыс орнату, олардың жеке және кәсіби дамуына үлес қосу. Қазірдің өзінде көп жоба жүзеге асырылып жатыр. Әртүрлі іс-шара ұйымдастырып, мектепте мамандықтар күнін өткіземіз. Өзара тәжірибе алмаса отырып, қызық, тиімді бағдарлама жасаймыз. Азаматтық белсенділікті арттыра отырып, қоғамға пайдалы жобаларды ортаға салуды басты міндет ретінде алдық.

Бүгінгі таңда көптеген азамат өзінің негізгі жұмысынан тыс қоғамға пайдасы тиетін іспен айналысып жатыр. Айналадағы қоқысты жинаудан бастап, оны өзгелерге насихаттау алғашқы қадам болды. Белсенділер балалар үйі тәрбиеленушілеріне өз үйіне, түрлі іс-шараға алып барады. Балалардың қоғамға сіңіп, өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруына көмектеседі. Себебі олар қалай құжат жасату керек екенін, қалай сауда жасау керек екенін, басқа да қарапайым іс-әрекетті біле бермейді.

Қауымдастық мүшелері қазір Жас заңгерлер палатасын да құрды. Ол қоғамның құқық жөніндегі сауатын арттыруды көздейді. Бұл — қоғам үшін ерікті жастар атқарып жүрген жұмыстың бір бөлігі ғана. Ал қауымдастық мүшелері құрған Жас зерттеушілер альянсы еліміздегі сапалы ғылыми зерттеулер санын арттыруды, оларды қолдауды мақсат етеді. Қатысушыларға түрлі мастер-класс өткіземіз. Қоғамда ғылымға деген оң көзқарас қалыптастыра отырып, ғылымның маңызын түсіндіргіміз келеді. Оған қоса, Astana Garden School оқушыларымен бірге АGS STUDY CLUB деген клуб аштық. Бұл жерде көпбалалы, тұрмысы нашар отбасы балаларына ағылшын, математика, тарих пәндерінен тегін сабақ өткізіледі. Бұл ісіміз арқылы жастарға қоғамға қызмет етудің маңызын түсіндіргіміз келеді.

Болат Насығазы
Фото Болат Насығазының жеке архивінен

— Өзіңіз қызмет етіп жатқан Astana Garden School мектебіндегі оқу процесі туралы айта кетсеңіз?

— Astana Garden School мектебі 10-11-сынып оқушыларына арналған. Былтыр қыркүйек айында 40 оқушы қабылданып, биыл 5 түлек бітіріп шықты. Түлектеріміз АҚШ, Ұлыбритания мен Швейцариядағы жоғары оқу орындарына, Қазақстандағы Назарбаев Университетіне оқуға түсті. Мектептің басты мақсаты — интеллектуал, жан-жақты дамыған, құндылықтары жоғары, көшбасшы азамат тәрбиелеу, өзгелермен тәжірибе алмаса отырып, қоғамға пайда әкелу. Шәкірттерімізді әлемнің үздік университеттеріне түсуге дайындаймыз. Қазақстан тарихы мен қазақ тілі пәндерінен басқа барлық сабақ ағылшын тілінде өткізіледі. Мектепте «Болашақ» бағдарламасымен бітіріп келген 14 түлек сабақ береді. Қазір қабылдау емтихандары болып жатыр. Биыл бізге 3 грант бөлінді. Егер оқушы білімді, ағылшын тілін жетік меңгерген болса, оған бізде білім алуға мүмкіндік бергіміз келеді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!