Алматыда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні аталып өтті. Салтанатты жиында Алматы әкімі Бауыржан Байбек ел азаматтарын мерекемен құттықтады.
Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында мемлекеттік рәміздердің 27 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. 1992 жылдың 4 маусымында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, Мемлекеттік елтаңбасы мен алғашқы Мемлекеттік әнұраны бекітілді.
Жиында Алматы әкімі Бауыржан Байбек жастардың алдында сөз сөйледі. Ол Қазақстанның мемлекеттік рәміздері Отанға, ел тарихы мен мемлекеттік тілге, мәдениет пен дәстүрге деген шынайы сүйспеншіліктің көрінісі екенін және рәміздердің Алматыда қабылданғанын айтты.
27 жыл бұрын Алматының нақ төрінде аса маңызды тарихи оқиға — тұңғыш рет мемлекеттік рәміздер қабылданды. Ту, елтаңба мен әнұран — халқымыздың арманы мен мұратының, дархандығы мен даралығының, әлеуеті мен мүмкіндігінің жиынтық көрінісі. Бүгінгі Қазақстан — тұрақты дамыған, өркен жайған мемлекет. Сіздер, тәуелсіз Қазақстанның өскелең ұрпақтары, терең білім, ерен еңбек пен өзара топтасу арқылы Отанымызды, білім мен ғылымымызды, экономикамызды алға жылжытасыздар. Елбасы бір сөзінде «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы — осы», — деген еді. Тұңғыш Президентіміздің осы нақыл сөзін еліміздің әрбір азаматы жүрек түкпірінде сақтап, әркез жадында ұстап, орындауы қажет. Баршаңызды бүгінгі Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын! — деді Бауыржан Байбек.
Салтанатты жиын Нұржан Керменбаев, Кентал, Моник сияқты өнерпаздар мен «Сарын», «Дауыс International», «Азия» топтары және басқалар қатысқан мерекелік концертке ұласты.