Зейнетақы көлемі өсті: кім қанша алады?

Биыл еліміздегі ең төменгі зейнетақы 52 145 теңге, ең жоғарғы зейнетақы 116 811 теңгеге жетті. Бұл туралы Sputniknews.kz сайты хабарлайды.

Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақтық зейнетақы мөлшері 7%-ға өсті. Былтыр ынтымақтық зейнетақы 46 500 теңге болса, биыл оның мөлшері — 49 755 теңгеге тең. Сонымен қатар базалық зейнетақы да 1 қаңтардан бастап 7%-ға артып отыр.

«2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері — 16 037 теңге, — делінген Eңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Базалық зейнетақыны қоспағанда, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 36 108 теңге. Ал базалық зейнетақымен бірге есептегенде (бұл жерде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері, яғни 16 037 теңге есепке алынып отыр)  52 145 теңге.

Ең жоғары зейнетақы мөлшері (базалық зейнетақыны қоспағанда) – 87 113 теңге. Базалық зейнетақымен қоса есептегенде (бұл жерде, керісінше, базалық зейнетақының ең жоғарғы мөлшері, яғни 29 698 теңге есепке алынып отыр) – 116 811 теңге.

Базалық зейнетақы

2018 жылдың 1 шілдесіне дейін Қазақстанда базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде, яғни 15 274 теңге шамасында төленіп келді. Шілдеден бастап зейнетақының бұл түрін тағайындау әдістемесі өзгерді. Енді оның мөлшері азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты.

Егер зейнеткердің еңбек өтілі 10 жыл немесе одан кем, не мүлде болмаса, оған ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ы, яғни биыл 16 037 теңге төленеді. 2019 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге.

Ал егер еңбек өтілі 10 жылдан асса, онда әрбір жыл үшін тағы 2% қосылып отырады. Мәселен, 11 жыл болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 56%-ы, 12 жыл болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 58%-ы қосылып, әрі қарай жалғаса береді.

Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан да көп азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғары мөлшері – 100%-ы (29 698 теңге) төленеді.

ДереккөзSputniknews.kz