Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО елдерін импортты азайтуға үндеді

Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО елдері өздерінде бар тауарларды да импорттап отырғанына көпшіліктің назарын аударды.

Не  импорттайтынымызға талдау жасауымыз қажет. Жуырда бұл жайында ойланып, қазақстандық инфрақұрылымды қарадым. Біз инфляцияның 50%-ын аталған тауарларды импорттаудан алып отырмыз. Ал не импорттайтынымызға қарасақ, олардың бәрі де — өзімізде шығатын тауарлар. Машина жасау өнімдерін импорттаймыз, жарайды. Бірақ халық тұтынатын шұлық, бәтеңке, туфли, костюм, жейде, тіпті, қайта өңдеудің жетіспеушілігінен азық-түліктің өзін импорттап отырмыз, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бұдан былай сырттан алып отырған тауарларды өзімізде өндіруге үндеді.

Меніңше, комиссия аясында біз сараптама жасайтын адамдар тобын құруымыз керек  және олар сүттің Беларусь пен Ресейде, астықтың Қазақстанда өндірілетінін айтуы тиіс. Тіпті, әскерилер киімін импорттап отырмыз. Бұл — масқара. Қараңыздаршы, нарықты кеңейту үшін ақша тауып, жұмыс орындарын ұсынуға қандай кеңістік бар. Біз ойлануымыз керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы сауда соғысы жағдайында ЕАЭО елдеріне нарықты жаулаудың жаңа стратегиясын жасау қажет екенін айтты. Сонымен бірге оның пікірінше, бұл елдер ұшақ шығаруды бірлесе қолға алуы керек.

Еске салайық, Нұр-Сұлтанда Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия интеграциясы идеясының 25 және Еуразия экономикалық одағы жөніндегі шарттың 5 жылдығына арналған Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Шараға Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан, Ресей, Қырғыз Республикасы, Беларусь, Молдова, Тәжікстан басшылары мен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян қатысып жатыр.

ДереккөзInform.kz