Марафон 1 маусым күні «Медеу» мұзайдынында өтеді. Шара қарсаңында бұрынғы марафон қатысушылары «ЯРКОкростың» маңызын айтып берді.

Алматылық Арман сайысқа былтыр қатысқан. Биыл шараға достарын шақырып отыр, оның көңілді өтетініне күмән келтірмейді.

«ЯРКОкросқа» бұрыннан қатысқым келетін. Кей жағдайға байланысты былтыр ғана жолым түсті. Бұл марафонға кез келген жастағы адам қатыса алады. Олардың өздерінен кейін лай мен қоқысты емес, түрлі жарқын түсті қалдыратыны керемет, — дейді ол.

ЯРКОкросс, Арман
Арман. Фото жеке архивінен

Арман марафоннан кейін киімін ауыстырмай «Алматы Аренада» ұзақ серуендеген екен. Ол жанынан өтіп бара жатқан адамдардан қошемет сөздер естіпті.

«ЯРКОкростың» тағы бір қатысушысы Гүлжанның айтуынша, бұл марафон адам айтқысыз әсерімен, көңілді қатысушыларымен қызық.

Гүлжан, ЯРКОкросс
Гүлжан. Фото жеке архивінен

«ЯРКОкросқа» үш рет қатыстым, оның біреуі түнде болды. Қашықтықтар қиын емес. Асықпай жүгіріп өтуге болады. Ең әсерлісі, мәреге бояуға малынып жетесің, бұрын-соңды болмаған қуат аласың. Маған, әсіресе, «Медеудегі» марафон ұнады, — дейді Гүлжан.

«ЯРКОкросс» мәрешілерге медаль беретін марафон ғана емес. Бұл — жарқын эмоцияларға, жағымды әсерлерге ұмтылу. Ол марафоншыларға қайырымдылық шарасы болуымен де ұнайды.

«ЯКРОкросқа» балаларыммен бірге қатыстым. Құдды көшеде көңілді әрі мейірімді атмосфераға толы мереке болып жатқан сияқты. Бұл — отбасымен белсенді демалудың тамаша нұсқасы. Міндетті түрде тағы  да қатысамыз, — дейді Александр есімді тұрғын.

ЯРКОкросс
«ЯРКОкросс». Фото ұйымдастырушылардан

Марафоншы Қанатты «ЯРКОкростың» шынайы жанкүйері деуге болады. Ол қалада өткен алты марафонның бесеуіне қатысқан және балаларын да осы шарадан тыс қалдырмайды.

«ЯРКОкросс» — жалын, қуаныш әрі балалар мерекесі. Бұл марафоннан кейін жағымды әрі жарқын жайттар ғана есімде қалып келеді. Міндетті түрде тағы да қатысамыз, — дейді Қанат.

Респонденттер әралуан бояу өмірді жарқын ететінін, ал салауатты өмір салты оны ұзақ қылатынын айтады. Олардың ойынша, «ЯРКОкросс» ешкімді бейжай қалдырмайды. Бір рет қатысқан марафоншы оған келесіде достары мен таныстарын міндетті түрде ертіп келеді.