Бұл марафонның ерекшелігі — жүгірушілерге сөреден мәреге дейін түрлі-түсті бояу шашылады. Қауіпсіздік туралы алаңдамай-ақ қойыңыз, «ЯРКОкросс» үшін пайдаланылатын түрлі-түсті ұнтақ экологиялық таза және қауіпсіз материалдан жасалған. Олардың құрамына крахмал және тағам бояғыштары да кіреді. Дегенмен ұйымдастырушылар көзілдірік пен ауызды жабатын бетперде киюге кеңес береді.

«ЯРКОкросс» дегеніміз — таймерсіз бес шақырымға жүгіру. Қатысушылар өздері қалаған кезде тоқтап, тыныға алады.

Бастапқыда жүгіруді таза, ақ киіммен бастайсыз, ал мәреге алуан түске боялған жарқын адам болып жетесіз.

Биылғы шараның тақырыбы — «Беймәлім джунгли». Бес жарқын станция мен «Медеу» айналасындағы бес шақырымдық экстрим қатысушыларын күтеді. Жүгірушілердің жолында әртүрлі жыртқыш пен тропиканың тосын сыйы кездеседі.

Джунглидің сын-тегеурініне төтеп беріп, кедергінің барлығын еңсере алған өжет қатысушылар мәреші алқасына қол жеткізеді. «ЯРКОкросс» марафонында жеңімпаздар мен жеңілгендер болмайды. Біз сіздің жүгіру жылдамдығыңызды өлшемейміз. Біз үшін ең бастысы — сіздің жақсы көңіл-күйіңіз және бақытты күлкіңіз, — дейді марафонды ұйымдастырушы Александра Комлева.

Қатысу жарнасын төлеген кезде таза жейде мен сөре нөмірі беріледі, ал мәреде әрбір қатысушы өзінің аңсаған алқасына қол жеткізеді. Марафонға балалар да қатыса алады. Үш жасқа дейінгі кішкентай жүгірушілер үшін «ЯРКОкросс» марафонына қатысу тегін.

ЯРКОкросс
ЯРКОкросс. Фото ұйымдастырушылардан

Жүгіруден кейін әсерлі фестивальдің барлық қонағы сайыстар мен жүлделерге толы ойын-сауық бағдарламасын тамашалай алады. Sport, Аrt, Food, Relax және басқа да аймақтар жұмыс істейді. Онда әрбір қонақ өзіне ұнайтын сауықты таба алады.

«ЯРКОкросс» марафоны — қайырымдылық шарасы. Жиналған қаражаттың бір бөлігі ағаш отырғызуға және спорт алаңдарын салуға жұмсалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанда Алматының «ЯРКОкросс» марафонынан әсерлі марафон жоқ. Бұл қозғалыс бірнеше жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Осымен жетінші рет өткелі отыр. Осыған дейін «ЯРКОкросс» марафонына 23 тонна бояу шығындалды және оған 30 мыңдай қазақстандық қатысты.

ЯРКОкросс. Фото ұйымдастырушылардан

«ЯРКОкросс» 1 маусымда өтеді. Басталуы таңғы сағат 10.00-ге жоспарланған. Шараға тіркелу үшін және қатысу үшін Yarkocross.kz сайтындағы барлық шартты орындау қажет.

«ЯРКОкросс» марафонының негізгі мақсаты — тұрғындарды бір-біріне жарқынырақ етіп қана қоймай, қала өмірін жақсарта түсу. Қатысу үшін жылдамырақ тіркеліңіз және жаздың алғашқы күнін ұмытылмас әсермен өткізіңіз.