The Spirit of Tengri фестиваліне 16 елден этника музыкасының 70-тен астам өкілі жиналды. Open-air форматындағы шоуды фестивальдің тұрақты қатысушысы, Тува музыканты Радик Тюлюш пен Әзірбайжанның атақты перкуссионисі, композитор Натиг Шириновтің Natig Rhythm Group жобасы ашты. Бұдан соң Қазақстанның жас өнер ұжымы Ashina-ның The Spirit of Tengri-дегі дебюті болды. Топ домбыра, гитара мен ұрмалы және басқа да аспаптар үнін өзара жарастырып, көмеймен ән салады.
Осындай үлкен шараға Қазақстанның атынан қатысу — біз үшін үлкен мәртебе. Өте қуаныштымыз! Бәрі өте жоғары деңгейде өтіп жатыр, дайындық та жақсы болды, мұндағы атмосфера, халықтың ықыласы барлығы тамаша. Біздің топ 2017 жылдан бері бар. The Spirit of Tengri-ге қатысуға жарты жыл бұрын өтініш бердік. Ол біз үшін үлкен трамплин деуге болады. Бұл фестивальге қатысу — көп музыканттың арманы. Алдағы уақытта фестивальге қатысып жатқан басқа елдің музыкантарымен ортақ шығармашылықпен айналысуымыз да мүмкін, — дейді Ashina тобының жетекшісі Нұрлыбек Зәкенов.
The Spirit of Tengri сахнасында Оңтүстік-Шығыс Африка, Оңтүстік Америка елдері мен испан этникалық әуендері джаз элементтерімен өзара жарасым тапты. Мозамбиктен шыққан, бүгінде Испанияда тұратын музыкант Childo Tomas көрерменге Африка халықтарының шертпелі аспаптарының үні мен ерекше вокалын сыйға тартты.
Фестивальге үшінші рет қатысып отырмыз. The Spirit of Tengri фестивалінің атына заты сай. Бізге оның атмосферасы қатты ұнайды. Қала да əдемі. Сіздер бізді өнер көрсетіп қана кетеді деп ойламаңыздар. Біз Қазақстаннан естіп-көргенімізді санамызға түйіп кетеміз. Мысалы, шетелде Қазақстан туралы айтыла бермейді. Тіпті, халық бұл елді білмеуі де мүмкін, есесіне осы фестивальге қатысқан біз қайда барсақ та, сіздер туралы айтып жүреміз, — деді Childo Tomas.
Svjata Vatra тобы фестивальге Балтық жағалауы мен Дон мен Днепр бойының фольклорын алып келді. Солист Руслан Трочинский тромбон тартып, косада ойнайды, фолк-рок бағытында ән салады. Фестивальде славян халықтарының әнімен бірге қазақтың «Қараторғайын» да орындады, шоудың қалың көрерменінің арасына кіріп те өнер көрсетті. Эстон волынкасы мен варганының, украин сопилкасының үні аудиторияның көңілін көтерді.
Қазақстанға екінші рет келдік. Бұған дейін Нұр-Cұлтанда болдық. Алматы өте әдемі. Ауа райы да керемет, жаңбыры, кемпірқосағы әдемі. Фестивальдің ұйымдастырылуы жоғары деңгейде. Асханаларыңыз бен қаланың архитектурасы қатты ұнады. Мұнда өзімді Украинада жүргендей сезіндім. Қаладан Тарас Шевченконың ескерткішін көрдік. Украинаны қолдайтындарыңызға, жақсы көретіндеріңізге зор алғыс білдіреміз. Мен фестивальде қазақ тілінде ән айтқым келді. «Қараторғай» әнін айтуды фестивальдің бас продюсері Жан Қастеев ұсынды. Өте ауыр ән, өйткені мен қазақ тілін білмеймін, — деді Svjata Vatra тобының әншісі Руслан Трочинский.
Abbos тобы фестиваль атмосферасына өзіндік шоу қосты. Өзбек перкуссиясы мен үрмелі аспаптарының дыбысы эмоцияға бөлейтін адам айтқысыз әуендер туғызды.
Фестивальдің бірінші күні Малиден келген Harouna Samake ұжымы да өнер көрсетті. Батыс Африка халықтарының көнеден келе жатқан шекті аспабының дыбысы музыканың қазіргі заманғы стильдерімен сәтті үйлесім тапқан. Бірегей өнер көпшіліктің көңілінен шықты. Алғашқы күнді Мажарстанның Kerekes Band тобы панк-рок пен диско ырғақтары кіріктірілген архаика сарындарымен аяқтады. Қызу қол соғып, секіре қозғалған көрерменнің әрекетіне сүйсінген музыканттар да сахнада шыдап тұра алмады, олар да биші болып шықты.
Сахнада фестивальге қатысушылар алмасқан сайын Қазақстанның Нариман Исенов, Алена Лобастова, ArsenSuperfly, Slava OMG сияқты диджейлері көрерменді электрон музыка ырғағымен билетіп тұрды.
The Spirit of Tengri-дің екінші күні қазақстандық Ethno5 тобы мен Иран, Мысыр, АҚШ елдері музыканттарынан тұратын Karavan Sarai жобасы алғашқылардың бірі болып өнер көрсетті. Karavan Sarai — мультиинструменталист Нараян Сиджан мен парсы биінің шебері Сония Очоаның бірлескен перформанс-жобасы. Нараян уд және саз аспаптарымен араб-парсы баяу әуендерінің психоделиясын әлем музыкасының бүгінгі дыбыс ырғақтарымен ұштастырса, оның серігі осы әсерді байыз таппай бұралған қимылымен жеткізді.
Көрерменнің көңіл-күйі көтеріліп, біздің музыкамызға биледі. Біз үшін ең бастысы — осы. Қазақстандағы бұл аудиторияға қарап, еркін рухты халық екенін көрдік, кеше халықпен бірге биледік, керемет болды. Би — сезім, әр халық мәдениетінің жарқын бір бөлшегі, біз соны көрсеткіміз келді. Мұнда кейбір өнер ұжымдарымен таныстық, мысалы, Harouna Samake-мен шығармашылығымыз ұқсас болып шықты. Фестивальдің осы бір музыка тілімен қарым-қатынас жасау жағы ұнады. Мына көпшілік көрерменнің арасына кіргенде адамдардың күлімдеп қарайтынын көрдік, мұндағы адамдардың жаны ізгі екен, жүрегіндегі жылылық, жалпы осы қаладағы жылылық сезіліп тұр. Қазақстан халқына бақыт, денсаулық, гүлдену тілеймін, мәдениеті өркендей берсін! — деді музыканттар.
Ezza триосы Нигер мен Алжирдің байырғы халықтарының қазіргі заманғы электрон музыкамен жарасым тапқан әуенін алып келді. Олар айтқан әннің ырғақты тұсын көрермен бірге қайталап, қошемет көрсетіп жатты.
Қазақстанға екінші рет келіп отырмыз, мұндағы әсерімізді айтып жеткізу қиын. Өте қуаныштымын, фестивальдің ұйымдастырылуы қатты ұнап жатыр. Әртүрлі музыка ұжымын көрдік, бұрын-соңды білмеген халықтық дәстүрлі музыканы естідік. Әсіресе, Орталық Азия, Моңғолия, Қазақстан халықтары әуені ұнады, көмей әнінен тіпті тамаша әсер алдық. Қазақ халқының қонақжайлығын, шетел азаматтарына ерекше құрметпен қарайтынын, дүниеге шаманның көзқарасымен қарайтынын байқадық, мына билеп жатқан адамдардың қимылынан да сол көрініп тұр. Қазақстан мәдениетімен әлі танысып үлгермедік, дегенмен адамдардың қатынасы, ерекше ықыласы ұнап жатыр. Этника музыкасы ол жай музыка емес, ол — халықтың қаны, тамыры, болмысы, бұл жағынан әртүрлі мәдениеттің бірігуі, жарасуы керемет, — дейді Ezza музыканттары.
Бұдан соң Тывадан келген Khoomei Beat ансамблі сахнаға шықты. Музыканттар Сібірдің көмей әуендерін рок-музыка элементтерімен астастырған.
Грузияның джаз-рок триосы The Shin биылғы фестивальге GeoTRAIN ұжымы болып оралды. Топтың құрамы өзгерген. Бірақ жанды дауыс, сапалы дыбыс пен грузиннің қызуқанды биі сол күйі. Бұл жолы да грузиндер керемет көңіл-күй сыйлады. Бұл жолы да әйгілі «Сулико» айтылды.
Қазақстанды өте жақсы көреміз, қуана-қуана келеміз. Әсіресе, Алматы ерекше ұнайды. Алматы мен Тбилиси әсем тауларымен бір-біріне қатты ұқсайды. Биыл біз Қазақстанға жаңа құраммен, жаңа атаумен келіп отырмыз. Қазақстан халқына амандық, даму, осындай көңілді мереке тілеймін. Бүгін Грузияның Тәуелсіздік күні, екі халықтың татулығы мықты болсын, Грузияға келіңіздер. Музыка біздің өміріміз, сөзімен, ісімен көрсете алмағанды музыкамен жеткіземіз, музыкада көп нәрсе жасырылған, музыкамен не нәрсені де жеткізуге болады, біз жақсы нәрсені айтқымыз келеді. Фестиваль дами береді деп ойлаймыз, жылдан-жылға көркейіп келе жатқанына, мемлекеттен қолдау тауып отырғанына қуаныштымыз, — дейді GeoTRAIN жобасының жетекшісі, вокалисі мен бас-гитарисі Зураб Гагнидзе мен биші Александр Чумбуридзе.
Әзірбайжанның Natig Rhythm Group тобы фестиваль атмосферасын одан әрі жандыра түсті. Бұл кезде алаңда көрермен қарасы әбден көбейген еді. Еліткіш ырғақты әуен мен нагараның тоқтаусыз әсерлі дыбысы этника музыкасының заманмен бірге жасай беретінін көрсетті. Топтың негізін қалаушы Натиг Ширинов бұл музыкамен 40 жылдай айналысып келеді. Ол әзірбайжанның ғасырлардан жеткен ұлттық фольклоры негізінде жаңа шығарма туғызады.
Әлемдік деңгейдегі талай үлкен сахнада өнер көрсеттік. Бірақ дәл бүгінгідей аудиторияның керемет қолдауын сезінбеген шығармыз. Мұндағы көрермен әр ырғағымызға елтіп, ерекше қолдау мен құрмет көрсетіп тұрды. Бұл осы мәдени шараның өзінің деңгейі қандай екенін көрсетеді. Қазақстан халқы музыканы сүйетінімен, керемет билейтінімен ұнап жатыр. Осындай фестивальдер болмаса, жергілікті халықтың шын мәнінде қандай екенін түсіну қиын болар еді. Біздің тіліміз бір, өзімізге таныс сөздерді естігенде қуанып қаламыз, — деді Натиг Ширинов.
The Spirit of Tengri сахнасына қазіргі заманғы үнді этникалық музыкасының өкілі Raghu Dixit Project ұжымының шығуы көрерменді экстазға бөледі. Бұл кезде Абай алаңында тұрғандардың бәрі бір кісідей секіріп кетті. Үндістан музыканттары фестивальді Әсем Қарсыбаевамен бірге қазақтың «Гүлдерайым» әнімен қорытындылады.
The Spirit of Tengri — Қазақстанда жыл сайын өтетін ірі халықаралық музыка фестивальдерінің бірі. Мультимәдениет жобасының мақсаты — осы құрлықта тіршілік еткен халықтар мен әлемнің көне музыкалық мұрасын насихаттау, оның жаңа заманмен бірге жасауына қолдау көрсету. Жоба 2012 жылы қолға алынды. Бүгінге дейін мұнда 80-нен астам елдің музыканттары бас қосты. Алматы әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, фестиваль қаланың басты мәдени оқиғасына айналды.
Бұл фестиваль — Ұлы даланың көне сарындары мен алыс-жақын шетелдің ұлттық әуендерін заманауи музыкамен үйлестірген кәсіби орындаушылардың басын қосқан бірегей этникалық әуен мерекесі. Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Ұлы Жібек жолының бойындағы жер жаннаты — Жетісудың төріндегі мың бояулы Алматы — көне өркениеттің ордасы, Батыс пен Шығыс мәдениетін тоғыстырған шаhар. Сондықтан төрткүл дүниенің майталмандары бас қосқан халықаралық фестивальдің жеті жыл бұрын дәл Алматыда қанат қағуы кездейсоқ емес. Алматы — заманауи келбетімен және таңғажайып табиғатымен ғана емес, көне жәдігерімен, байырғы рухани мұрасымен де бірегей қала. Мұндай шара қаламызға туристерді арттыра түседі, — деді Бауыржан Байбек.
Фестивальді ұйымдастырушылар соңғы кездері оның фанаттарының қатары ерекше көбейгенін айтты.
Біз үшін биылғы фестивальді ұйымдастыру — үлкен қуаныш, өйткені фестиваль — көрерменге де, әр елден келген музыкантқа да үлкен мереке, дәстүрге айналған керемет шара. Көрерменнің бірнеше ай ішінде фестивальге қызығушылық танытуы — осыған дәлел. Халықтың көңіл-күйі керемет, ауа райы да тамаша. Дәстүр бойынша фестивальді тамашалауға келгендердің арасынан үлкендерді де, балаларды да көріп отырмыз. The Spirit of Tengri фестивалінің фан-клубының ашылуы — қуанышты жайт. Фестивальдің аудиториясы өсіп, жылдан жылға жасарып келеді. Біз ең әуелі оны жастарға арнап ұйымдастырамыз, — дейді Tengri FM ұлттық радиостанциясының директоры Мәдина Өмірбекова.
Фестивальдің бас продюсері Жан Қастеевтің айтуынша, соңғы жылдары The Spirit of Tengri Нұр-Сұлтанда өте бастады. Алдағы уақытта ол Оралда, Шымкент пен Түркістанда да ұйымдастырылады, яғни фестиваль тек Алматыдағы емес, республика көлеміндегі шара болмақ. Ұйымдастырушылар әр қалада өнер көрсететін музыканттардың құрамын әртүрлі еткелі отыр. Фестивальдің географиясы жыл сайын кеңейіп келе жатқанымен оның ядросы — түркі-моңғол халықтарының музыкалық мұрасы қала бермек.