Юлияна Кривошапкина — Саха Республикасының Мемлекеттік эстрада театрының артисі. Ол Якутияның ұлттық хомус музыкалық аспабында ойнайды, ән айтады. Әлемнің 11 виртуозының бірі. Бойында талант пен сұлулық ұштасқан Юлияна хомусты 7 жасында меңгерген. Әжесінен қалған хомуспен анасынан алғаш сабақ алғалы бүгінге дейін осы аспабын тастаған емес. Ол «Хомус әлемнің мәдени кеңістігінде» атты VII Халықаралық конгресс-фестивальде жоғары нәтиже көрсетіп, әлемге әйгілі виртуоздардың бірі атанды.

Хомус қазақ халқында шаңқобыз деп аталса, басқа халықтарда оның варган, хомус, хур, комуз, дрымба, зубанка сияқты сан алуан атауы бар. Якут дүниетанымы мен мәдениетінде бұл аспаптың маңызы ерекше.

Юлияна Кривошапкина
Юлияна Кривошапкина. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Колледжде оқып жүргенімде хомуста тамаша ойнайтын ұстазым Альбина Михайловнадан сабақ алдым. Бірте-бірте икемделе келе, ұстазыммен композициялар шығарып, бірге әуендететінбіз. Міне, осылай қазір әлемге әйгілі «Айархаан» тобы пайда болды. Біраз уақыт ол жерде ойнаған соң өзімді жеке артист ретінде көргім келіп, топтан шықтым. Алайда хомуста ойнаудың шеберлік шыңына жеттім деп айта алмаймын. Себебі оның шегі жоқ, дами бересің, жетіле бересің, табиғаттан әсер алып, көркем әуен жасауды мақсат етесің. Хомуста ойнап отырып, трансқа кіріп, қанша уақыт әуендетіп отырғанды байқамай қалатын кездер де болады, — дейді Юлияна.

Юлияна Кривошапкаина
Юлияна Кривошапкина. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Юлияна басқаларға білетініңді үйреткеннен білімің мен талантыңның шыңдала түседі, шығармашылық адамы өзгелерге тәжірибе бергеннен рақатқа бөленеді деп есептейді. Сол мақсатпен бүгінге дейін түрлі елді аралап жүр, хомустың музыкасына қызығатындарға осы аспапта ойнауды үйрету үшін Алматыға да келді. Юлиянаның сабақтары 29 қыркүйекте басталады.

Арнайы сабақтардан өтіп, хомустың қыр-сырын үйренген кез келген сала адамы оны шебер ойнап кете алады. Бесжылдық тәжірибемде хомуста ойнауды үйретудің техникасын жетілдірдім. Қысқа уақыт ішінде хомус үніне қызыққандарды бұл таңғажайып аспапты әуездетіп шертуді үйрете аламын. Менің ойымша, бұл Саханың ұлттық аспабы болғанымен оны бар әлем қолданады. Тек түркі елдерімен шектелмей, Африка, Азия, Америка, Еуропа — әлемнің түкпір-түкпірінде хомустың әуезді музыкасын естуіңіз мүмкін. Әр жерде атауы ғана өзгеше. Осындай сазды әуен шығаратын аспаптың бәрімізді біріктіретіні керемет емес пе? Түрлі ұлтта хомустың пайда болуы туралы аңыз-әңгімелер көп. Ал шындығына келгенде, ғалымдар әлі күнге дейін хомустың қалай және қашан пайда болғанын нақты анықтамады, — дейді Юлияна.

Юлияна Кривошапкаина
Юлияна Кривошапкина. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Зерттеуші, өлкетанушы Виктор Белов шаңқобыз немесе варган туралы бірнеше аңызды жинақтаған. Аңыздардың бірінде варганның пайда болуына өмірден өтіп, баласына аспаннан қамқор болған әке әсер еткен екен. Жамандықтың алдын алып, баласына ескерту үшін ол Құдайлардан бір сәтке жерге түсуді сұрайды. Баласына деген махаббатын көрген Құдайлар оған жерге түсуге рұқсат етеді. Ал қайта келу үшін оған ерекше баурайтын, жерде жоқ әуен шығаратын кілт береді екен. Әкесі қуанып, баласын ескертуге ұмтылады. Жерде мақсатын орындап, қайтуға жиналғанда әкесі кілтін таппай қалады. Ол кілтсіз әуен де жоқ, оралу да жоқ. Сөйтіп, екі дүниенің арасында қалған денесіз рух кілттің әуенін еске түсірумен болады. Жылдар бойы шамандарды сол аспан кілті тәріздес кілт жасауға итермелеп, түрлі дыбыс шығартады. Алайда ешбір жердегі адамның қолынан Құдайлар берген кілттің әнін ешқандай кілт шығара алмайды екен. Содан бүкіл әлемді аралап, екі дүниенің арасында әке рухы қалып қояды. Баласы, немерелері өмір сүріп кетсе де, әке рухы әлі жерде тыныштық іздеумен жүр екен. Ал жасалған кілттердің әуезі адамдарға ұнап, варган аспабына айналды деседі.

Юлияна Кривошапкаина
Юлияна Кривошапкина. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Үлкен қалаларда көбіне күйбең тіршіліктің қамымен жүргендер хомуста ойнауды үйренгісі келеді. Себебі хомус адамның бар ішкі сезімін шертіп, жаман энергетикадан арылтады. Ол — медитация мен жан рахатын сезіну үшін де таптырмас аспап. Сондықтан да мен хомусты таңғажайып аспап деп атаймын. Ол тек музыкант үшін ғана емес, кез келген адамға арналған. Қалтаңда, сөмкеде, мойныңа іліп алсаң да, өзіңмен бірге алып жүруге ыңғайлы. Қалаған уақытыңда қолыңа алып, рахатына бөлене аласың, — дейді Юлияна.

Юлиянада хомустың сан түрі бар: вьетнамдық, жапондық, таиландтық, тывалық, алтайлық және тағы басқа. Ең қызығы олардың әрқайсысы өзінше ерекше. Себебі әр хомустың жасалған жері мен ұстаның шеберлігіне байланысты өзіндік формасы мен ырғағы болады. Сол үшін де әр адам хомусты дыбысына зер салып таңдауы керек.

Сабақтарыма 3-4 жастағы балалардан бастап қарияларға дейін қатысады. Сонымен қатар хомуста ойнауды меңгеру үшін міндетті түрде есту қабілетінің жоғары болуы шарт емес. Мұнда ең бастысы — техника. Нақты айта алмаймын, бірақ бес жылда 500-ден аса адамға хомуста ойнауды үйреттім. Хомус тартқанда ішпен демалу басты рольді атқарады. Сондықтан сабақтарым алдымен демалу жаттығуларынан басталады. Кейін түрлі техниканы қолданып, әуендетуді, композиция құруды үйренеміз, — дейді Юлияна хомус сабақтары жөнінде.

Бүгінде Юлиянаның хомус әуенін заманауи музыкамен байланыстырып шығарған 10-ға жуық композициясы бар. Оның «Сүрэбим», «Уһуктуу» сияқты танымал шығармалары әлемнің түкпір-түкпірінде ойналып, көптеген адамның ықыласына бөленген. Алайда көп жағдайда Юлияна хомустың әуеніне беріліп, импровизациямен өнер көрсетеді. Басқа хомусшылардың арасында ол аспап тартқандағы қол биімен де ерекшеленеді. Қазақстанда бірнеше жыл The Spirit of Tengri қазіргі заманғы этникалық музыка фестивалінде өнер көрсетті.