Димаш Құдайберген 25-ке толды. Ол өзінің алғашқы жеке альбомы осы мерейтойына арналатынын хабарлады.

Туған күнімнің құрметіне орай тұңғыш жеке альбомымның жарыққа шығатын күнін хабарлаймын. 14.06.2019, — деп жазды әнші Instagram-парақшасына.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Димаш Құдайбергенді туған күнімен құттықтады.

Достар, бүгін вокалдық өнерде теңдесі жоқ талант иесі, бүкіл әлемді өнерімен бағындырған біздің ерекше дарынымызды туған күнімен құттықтағым келеді! Димаш Құдайберген, алтыным, туған күніңмен шын жүректен құттықтаймын! Сені ұлы болашақ және әлемдік сахналар күтіп тұр. Сенің барлық биікке жететініңе мен сенемін. Өзіңді қолдаушы туған-туыстарың да әрдайым жаныңда. Мен сені мақтан тұтамын және жаңа үлкен жетістіктер тілеймін. Димаш, алтыным, деніңе саулық тілеймін. Бүкіл әлем бірегей өнеріңді бағалап, бас иіп, құрметтегенін қалаймын, — деп жазды министр Facebook-тегі парақшасына.

Димаш Құдайберген 1994 жылы Ақтөбеде белгілі әншілер — Қанат пен Светлана Айтбаевтардың отбасында дүниеге келді. Ол бала кезінен ән салып, музыка аспаптарында ойнады. Димаш Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыка мектебін тәмамдағаннан кейін Нұр-Сұлтандағы Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алды. 2010-2013 жылдары ол Қазақстан мен ТМД көлеміндегі төрт ірі музыка конкурсына қатысты: «Байқоңырдың әуезді дауыстары», «Жас қанат», «Восточный базар» (Украина), «Мейкин Азия» (Қырғызстан). Türkçevizyon байқауында қонақ ретінде өнер көрсетті. 2015 жылы Витебскідегі «Славян базары» байқауында Гран-при иеленіп, танымал бола түсті. Ал Қытайдағы I’m a Singer телешоуына қатысқаннан кейін есімі күллі әлемге танылды.

Димаш Құдайберген 6 октава, 5 полутонды қамтитын вокал диапазонына ие.