Медиафорумда Иво Бурум «Мобайл журналистика» тақырыбында мастер-класс өткізді. Австрия журналисінің прайм-таймға бағдарлама дайындаудан 30 жылдық тәжірибесі бар, MoJo (мобайл журналистика) бойынша тренер болып та қызмет етеді. Ол шарада соңғы технологиялар туралы айтып, мобайл журналистика саласында қалай жұмыс істеу керек екенін үйретті. Baribar.kz тренердің сабағына қатысып, пайдалы ақпаратын оқырмандармен бөлісуді жөн көрді. 

Mojo дегеніміз не?

Сіз ұшақтың құлағанын көріп, оны дер кезінде видеоға түсіріп алдыңыз. Бұл мобайл журналистика ма? Егер солай болса, онда түсірген адам куәгер ме, әлде журналист пе?

Ирландияның RTE телеарналар желісінің инновация бөлімінің басшысы Глен Малкахи мобайл журналистикаға дәстүрлі көзқарасты (түсірілім, монтаж, мәтін жазу, ақпаратты жариялау — бәрі смартфонда жасалады) «пуристік көзқарас» деп атайды. Малкахидің ойынша, мобайл журналистика — ақпарат берушінің кез келген қолжетімді технологияны қолданып, оқиғаны кәсіби жеткізуі.

Бір сөзбен айтқанда, мобайл журналистика дегеніміз — түрлі цифрлық құралды, дағдыны қолданып, өңделмеген контентті дайынға айналдыру.

Сирияда жұмыс істейтін журналистер өзінің қауіпсіздігі мен елдің мәдениетіне байланысты минимализм тәсілін қолданады. Кейде олар микрофонды да қоспайды.

Мобайл журналистика, әсіресе, фотоға түсіру «табу» саналатын аймақтарда өте маңызды роль атқарады. Мен BBC-ге материалдарды әдетте смартфонмен түсіріп, өңдеп жіберемін. Кішкентай әрі байқалмайтын болған соң iPhone 5-ті қоладанамын, — деген екен Сирия репортеры  Мұхтар Әлибрахим.

Сирия босқындары туралы The Eastern Gateway атты деректі фильмді Мысыр журналисі Әли Сотухи смартфонға түсіріп шыққан. Мобайл журналистика курсынан өткеннен кейін Әли Сотухи фильмдердің басым бөлігін смартфонмен түсіруді, айна мен видеокамераны тек өте қажет уақытта қолдануды шешкен. Негізінде мобайл журналистика — оқиға мен локацияға бейімделетін формат, яғни бұл журналистік зерттеу үшін тиімді.

MoJo-ның қай түрімен айналыссаңыз да, мобайл құралдардың маңызды роль атқаратынымен ешкім дауласпас. Иво Бурумның айтуынша, төмендегі құралдар журналистердің әлемнің қай түкпірінде де кәсіби материал жасауына кәдеге жарайды.

iOS, әлде Android?

Кей журналист iOS операция жүйесінің мықты әрі қолдануға оңай болғаны үшін таңдайды. Дамыған елдерде мобайл журналистика саласындағы тренерлер алғашында iOS платформасын видеоны бір-біріне оңай көшіруге ыңғайлы болғаны үшін қолданған. Ал қазір бұл функция Android-та да бар.

Камера

Журналист Бурум камераны мобайл журналистиканың жүрегі деп атайды. Оның пікірінше, смартфон камерасының қуаты оның ішкі мүмкіндіктерін қолдануға көмектесетін қосымшаларға байланысты.

Пиксель көп болса, жарық соншалықты жақсы түседі. Тым болмағанда камерасы 12 пиксель болатын смартфонды таңдаңыз, — дейді Иво Бурум.

Егер мобайл журналисткамен айналысқыңыз келсе, процессоры жылдам жұмыс істейтін, линза, қосымша жарық, микрофон қосуға және мобайл журналистика қосымшаларын қолдануға мүмкіндік беретін смартфоныңыз болсын.

Микрофон

MTV бізді дірілі бар видеоларды қолдануға болатынын ескертіп, сапасы нашар аудиоға жол бермеуді үйретті, — дейді Иво Бурум.

Егер объектке жақын тұрсаңыз және ол жерде ешқандай шу болмаса, жолыңыз болар. Бірақ ондай қолайлы жағдай ылғи туа бермейді. Сол себепті Бурум әрдайым микрофон қолдануға кеңес береді. Ол жұмыс кезінде төмендегі микрофондарды қолданады екен:

  • iOS девайсіне Rode Video Micro камералық емес микрофоны мен SC4 адаптерін;
  • сұхбаттарға Smart Lav петличкасын;
  • объект смартфоннан қашық тұрғанда сымсыз микрофон Sennheiser AVX цифрлық жүйесінің топтамасын.

Мобайл журналистикамен айналысу үшін қандай смартфон алу керек екенін білмесеңіз, оған қанша аксессуар қолдануға болатынын ескеріңіз. Мен әдетте линза мен штативке аса мән беремін, — дейді тренер.

Линза

Кеңбұрышты линза смартфонға түсірілген видеоны сапалы етіп көрсетеді. Мұндай линза сұхбат берушіге жақынырақ тұруды талап етеді, соның нәтижесінде аудионың да сапасы жақсы болмақ. Журналист жұмыс кезінде MCam немесе  ExoLens Pro линзасын қолданады екен.

Штатив

Иво Бурум кішкентай штативті пайдалануға кеңес береді. Ол өзіңмен бірге алып жүргуе ыңғайлы әрі жеңіл. Егер биіктен түсіру қажет болса, штативті машинаның үстіне, шатырға, кез келген биік жерге қойып, мәселені шешуге болады. Журналист көпфункциялы әрі бағасы да қолжетімді Manfrotto Pixi штативін қолданады.

Мобайл қосымшалар

Қосымшалар индустриясы 2008 жылы бірінші iPhone шыққаннан кейін басталды. Қазір Android, iOS платформаларында алты миллионнан артық мобайл қосымша бар.

Камераға арналған қосымшалар

Иво Бурум әдетте смартфонның «Камера» қосымшасын пайдаланатынын айтады. Ал баптаудың кең диапазоны қажет болған жағдайда ол төмендегі қосымшалардың көмегіне жүгінеді екен:

  • Filmic Pro – камераға арналған ең көп қолданылатын қосымша. Онда ақ түс балансына жеке баптауы бар, жарық пен фокус нүктесін өлшеуге, онлайн аудио-бақылау жасауға болады.
  • Camera+ – нарықта жақсы бағаға ие болған қосымшаның бірі. Оның көмегімен жоғары сапалы суреттерді, экспозиция мен фокус, стабилизатор, ақ түс балансын, жарықты, түсті өңдеуге болады.

Видеомонтажға арналған қосымшалар

Мобайл құрылғыларда тез әрі кәсіби монтаж жасау үшін қосымшада тым болмағанда екі видео-жолақ болуы керек. Иво Бурумның көзқарасынша, видеоны монтаждауда тиімді, көпфункциялы қосымша мыналар:

  • iMovie — екі параллель видео-жолағы бар, iPhone-да жұмыс істейтін қосымша. Онда видеоны кәсіби монтаждауға қажет барлық функция бар.  Бірақ онымен титр қоса алмайсыз.
  • Luma Fusion – iOS-ке арналған жаңа қосымша. Бурумның пікірінше, өте мықты. Үш видеожолағы және бес аудиожолағы, титрге арналған түрлі функциясы бар. Бұл — кәсіби мамандарға арналған нұсқа.
  • Kinemaster – iOS пен Android-қа арналған, бірінші кәсіби кроссплатформалы қосымша. Титрді оңай жасауға, видеоны бұлдыратуға болады және тағы басқа пайдалы функциялары бар.

Иво Бурумның мобайл журналистикадағы қағидалары

  1. Айтуға тұрарлық ештеңе болмаса, материал жасама;
  2. Техникаларың әрдайым қуатталып тұруы керек;
  3. Объективті тазартуды ұмытпа;
  4. Жұмыс кезінде әуе режимі қосулы болсын;
  5. Смартфоныңнан видеоны көлденең түсір;
  6. Қосымша микрофоның болсын;
  7. Видеоға түсірерде объекттен алыс тұрма;
  8. Штатив қашан да қажет;
  9. Фокусты тексер;
  10. Кадрды емес, сюжетті ойла.