— Жанна Бейсентайқызы, Алматыдағы сайлау учаскелерінің 9 маусымда өтетін ҚР Президентін кезектен тыс сайлауға дайындығы қалай?

— Алматыда 554 сайлау учаскесі бар. Учаскелер 25 мамырдан бастап өз жұмысын бастайды. Керек құрал-жабдық та дәл осы күннен бастап орнатылады. Заңға енгізілген өзгерістер бойынша биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай жасалады. Әр сайлау учаскесінде зағип жандарға арналған жолдар, олардың дауыс беруіне ыңғайлы кабиналар мен құрал-жабдық болады. Бұрын заңда мұндай норма болған жоқ. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар сайлау учаскесіне өзі келіп тұрса, дауыс береді. Заңда мұндай азаматтардың үйде дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Ол үшін 25 мамырдан 9 маусымға дейін сайлау учаскесіне келіп, арыздануына болады. 9 маусымда сайлау комиссиясының қызметкері сайлаушының үйіне жәшікпен барып, оның дауыс беруіне жағдай жасайды.

Кей азаматтар 9 маусым күні іссапармен немесе қыдырып басқа қалаға баруды жоспарлауы мүмкін. Олар 25 мамырдан бастап өзі тіркелген сайлау учаскесіне барып, есептен шығу куәлігін алады. Сол куәлікпен кез келген сайлау учаскесіне барып, дауыс беруіне болады.

— Сайлаушы дауыс беруші тізімінде өзінің бар-жоғын қалай тексере алады? Қанша азамат дауыс беруге құқылы?

— Бүгіннен бастап қаладағы учаскелерге сайлаушылардың тізімі беріледі. Ал сайлаушы 25 мамырдан бастап өзі дауыс беретін учаскеден тізімде бар-жоғын тексере алады. Алматы тұрғындары cайлау учаскесінің мекенжайын Sailau_Almaty2019 Telegram-боты арқылы да біле алады. Чат-ботты пайдалану үшін Telegram-ның іздеу жолағына Sailau_Almaty2019 атауын жазып, қосылып, «старт» командасын басу қажет. ЖСН енгізілгеннен кейін виртуал көмекші сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын жібереді. Алматы әкімдігі мен Open Almaty сайттарында да арнайы сервис ашылды. Сұрақтар туындаған жағдайда немесе өзіңізді тізімнен таппаған кезде байланыс орталығына +7 727 224 22 22 нөмірі арқылы хабарласып, кеңес алуға болады. Байланыс орталығының қызметкерлері сағат 08.00-23.00 аралығында демалыссыз жұмыс істейді. Айта кетейік, Алматыда 1  миллион 100 мыңнан астам сайлаушы бар.

Алматы сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асанова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін сайлауды өткізу ісіне мұғалімдерді араластырмауды тапсырған еді. Биылғы сайлауды ұйымдастырудан мұғалімдер толық босатыла ма?

— Сайлау комиссиясына мүше болу — әр азаматтың өз еркі. Билік сайлауды ұйымдастыруға мұғалімдерді күштеп тартады деп айта алмаймын. Бұл жұмыс олардың өзін қызықтыруы мүмкін. Мұғалімдердің арасында сайлауға бұрыннан қатысып келе жатқандары да бар. Олар тегін жұмыс істемейді, өйткені бұл — қоғамдық жұмыс емес. Орталық сайлау комиссиясы бюджеттен ақша бөліп, демалыс, мереке күндері жұмыс істеген қызметкерлердің бәріне ақы төлейді.

— Ал студенттерді дауыс беруге мәжбүрлеп қатыстыру туралы не айтасыз?

— Әр студенттің Президент сайлауына немесе елде болып жатқан басқа да саяси оқиғаларға қатысты көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Университетте сабақ беретін оқытушылар, жатақхана коменданты немесе басқа да қызметкерлер студентке тек «Сайлауға қатысу — әр азаматтың борышы» деп түсіндіруге тырысады. Ал студент оны «мәжбүрлеу» деп ұғуы мүмкін. Егер студент дауыс бергісі келмесе, оны ешкім сайлауға мәжбүрлеп қатыстыра алмайды. 2015 жылғы Президент сайлауын өткізген кезде бізге мұндай шағым түскен жоқ. Биылғы сайлауда студенттерден осындай арыз түсіп жатса, Орталық сайлау комиссиясы олардың шағымын міндетті түрде қарастырады. Өйткені бұл адам құқығын шектеу болып есептеледі.

— Сайлауға шетелден қанша бақылаушы келеді?

— Сайлауға қатысатын халықаралық бақылаушылардың саны әзірше белгісіз. Себебі аккредитация әлі жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 1500-нан астам арыз келіп түскен. Орталық сайлау комиссиясының халықаралық бақылаушыларға қоятын өз талабы бар. Сайлауға бақылаушы жіберуге халықаралық ұйымдардың ғана құқы бар, жеке тұлғалар бақылаушы ретінде өзін ұсына алмайды. Орталық сайлау комиссиясы халықаралық ұйымдар ұсынған кандидаттарды қарап, бекітеді. Қазір 65-ке жуық халықаралық бақылаушы тіркелді. Олардың Қазақстанға келіп-кету, қонақүй мен басқа да шығындарын жіберген ұйымның өзі өтейді. Қазақстан халықаралық бақылаушыларға бюджеттен ешқандай ақша шығындамайды.

Алматы сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асанова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Сайлау науқаны барысында қандай заңсыздықтар жиі болады?

— Алматыдағы сайлау учаскелерінде осыған дейін ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Өйткені қаладағы сайлау учаскелерінде ЕҚЫҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері жүреді.

Қазір сайлауалды үгіт-насихат жүріп жатыр. Көшеге, қоғамдық орындарға түрлі стенд, плакат орналастырып, іліп жатырмыз. Осындай материалдарға неше түрлі боқтық сөз жазып, кандидаттардың фотосын жыртып немесе сурет салатындар бар. Бұл бұзақылыққа жатады. Мұны істеген адамдар ұсталса, заң бойынша жауапқа тартылады немесе айыппұл төлейді. Себебі ол — мемлекеттің мүлкі.

— 2015 жылғы Президент сайлауын өткізудің Алматы бойынша нәтижелері қандай болды?

— 2015 жылы Алматыдағы сайлаушылардың жалпы саны 1 039 248 болды, оның 813 523-і (78,2%) дауыс беруге қатысты. Сайлаушылардың 92,5%-ы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидаттығын қолдаса, 6%-ы Тұрғын Сыздықовты, 1,5%-ы Әбілғазы Құсайыновты қолдап, дауыс берген.

— Әңгімеңізге рақмет!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!