Нұрсұлтан Назарбаев: Енді соттар тәуелсіз әлеуметтік зерттеулер арқылы бағаланады

Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен сот жүйесін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында сот жүйесін Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауда көрсетілген басымдықтарға сәйкес одан әрі жаңғырту мәселелері талқыланды.

Халықтың соттарға сенімі мемлекетке деген сеніммен пара-пар. Осыған байланысты «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында маңызды жұмыс атқарылды. Сот жүйесін жетілдіру экономикамызды жаңғыртудың және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудың маңызды бөлігі саналады, — деді Президент.

Отырыста Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов және Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Талғат Донақов Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Сот жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобының атқарған жұмысының қорытындылары жөнінде баяндама жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесінің жұмысындағы кешенді мәселелерді шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған орай сот жүктемесі соңғы үш жылда екі есе артқаны айтылды.

Бір жұмыс күні ішінде судья 4 отырыс өткізіп, осыншама шешім қабылдап, 150 санкция шығаруы керек. Осыдан кейін, әрине, олардың сапасына қатысты сұрақ туындайды. Бұл істердің 30%-ы сотта қарауды қажет етпейді, — деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде сот жүктемесін азайту, азаматтық процесті жеңілдету, сот ісін жүргізудің жылдамдығын арттырып, ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Сот кадрларының сапасы, олардың мүлдем басқа әдістерді талап ететін заманауи экономикалық жағдайларға әзірлігі және бейімделуі — маңызды мәселелердің бірі. Құқықтық сауаты жоқ судьялар бізге реформа жүргізуге көмектесе алмайды. Судьялар құзыреттіліктің, адалдықтың, әділеттілік пен әдептіліктің үлгісі болуға тиіс, — деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде судьяларды іріктеу тәртібі күшейтілгенін атап өтті. Мәселен, судья лауазымына 100 үміткердің ішінен 5-еуі ғана сынақтан өткен. Бұл талаптар сот жұмысына күрделі істерді қарастыруға қабілетті әрі біліктілігі жоғары заңгерлерді тарту үшін қойылып отыр. Мұндай мамандарға тиісті жағдай жасалып, лайықты жалақы белгіленеді.

Ант берген судьяларға айтарым, ант дегеніміз жай ғана сөз емес. Өз іс-әрекеттеріңізде антты басшылыққа алуыңыз керек. Судьялардың жалақысы мен оларды қамтамасыз ету мәселесі салық төлеушілер қаражаты есебінен шешіледі. Сондықтан судьялар тиімді жұмыс істеуге тиіс. Заң бұзған судьяға ең қатал жаза қолданылуы керек, — деді Мемлекет басшысы.

Президент кадр мәселелерінің бәрін Жоғарғы соттан Жоғарғы сот кеңесіне беруді ұйғарды. Судьялардың қызметтегі ілгерілеуі қоғам тарапынан бағаланатын кәсіби біліктілігі мен адалдығына ғана байланысты болуға тиіс.

Елбасы сот кадрларын сапалы тұрғыда жаңартуға бағытталған заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, 2019 жылы 470 судья кәсіби бағалаудан өткізіледі. Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы сот пен Жоғарғы сот Кеңесінің басшылығына бұл мәселенің шынайылығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қоғамда соттарға деген нық сенім болғанда ғана сот жүйесін жаңғырта аламыз. Біздің түпкі мақсатымыз — тәуелсіз әрі сатылмайтын сот билігі. Соттар статистикалық әдістермен ғана емес, сонымен бірге енді тәуелсіз әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы бағаланады. Сот құрамы судьялардың қаншалықты адал қызмет етіп, сенімге ие болғанына байланысты бағаланатынын түсінуге тиіс. Заңнаманы қатаң сақтауға негізделген шұғыл әрі ашық сот төрелігі қоғамымыздың негізі мүддесі мен еліміздің стратегиялық даму бағытына сай келеді, — деді Мемлекет басшысы.

Президент сот ісін жүргізуде және электрондық сервистер жұмысында жаңа форматтар енгізуді және сот ғимараттарында фронт-кеңселер құруды тапсырды.

Белгіленген міндеттердің жүзеге асырылуына бақылау жасауды қамтамасыз ету Президент Әкімшілігіне жүктелді. Бұл орайда сот істерінің сапалы әрі уақтылы қаралуына, азаматтардың талабын қанағаттандыруға баса мән берілуі керек.