«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бот қазақстандықтардың борышкерлер реестрінде бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді.
Бот қызметін таңдағаннан кейін пайдаланушы «Борышкерлер тізілімі және шетелге шығуға тыйым салынулар бойынша тексеру» сервисіне өтіп, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізуі қажет. Борышкерлер реестрінде болмаған жағдайда автоматтандырылған ақпараттық жүйе берілген ЖСН бойынша ешқандай деректердің табылмағаны жөнінде хабарлама жібереді. Бот арқылы сапарға бірге шығатын туысқандарыңыздың не достарыңыздың да берешегін тексеруге болады. Керек ақпарат сұрау жіберілгеннен кейін бірден көрсетіледі, — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары.
Айта кетейік, бір жыл бұрын іске қосылған @ЕgovKzBot-ты 300 мыңға жуық қазақстандық қолданып үлгерді. Бот қызметін пайдалану үшін қазақстандықтар мобайл азаматтар базасында тіркелуі шарт. Бүгінде ол базаға 6,8 миллион адам өз мәліметін енгізген.
Сонымен қатар электрон-цифр қолтаңба иелері Еgov.kz порталындағы жеке кабинеті арқылы айыппұлдардың барын тексеріп, берешек анықталған жағдайда портал арқылы қарызын өтей алады.
Еске салайық, Қазақстан аумағынан тыс жерге шығуға салық, айыппұл, қарыз, алимент немесе коммуналдық берешек төлемей жүргендерге шектеу қойылуы мүмкін.