1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ҚР Қарулы Күштері құрылды. Мемлекеттік қорғаныс комитеті ҚР Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Бұл күн содан бері Отан қорғаушы мерекесі ретінде аталып өтеді.

Бірақ 7 мамыр бірден күнтізбенің қызыл күніне айналған жоқ. Бұл күн 2012 жылдың қазанында Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы заңына толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғаннан кейін мемлекеттік мереке мәртебесін алды.

Бұрын бұл күні ҚР Қарулы Күштері құрылымдарының қатысуымен шеру өтетін. Биыл шеру Алматы облысындағы Көктал полигонында өтетін «Айбалта-2019» ауқымды оқу-жаттығуымен алмасты. Онда еліміздің қорғаныс саласының әлеуеті, әскери техникасы мен қару-жарағы және әскерлердің жауынгерлік дайындығы көрсетілді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жоғары санатты, білікті сардарлар мүлдем аз болды. Тұңғыш Президентіміз әр сарбазды жігерлендіре отырып, айбынды әскер құрды. Бүгінде біздің Күш құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі ұтқыр күшке айналды. Жақында ғана өткен «Айбалта-2019» оқу-жаттығуы — соның айқын дәлелі, — деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге жыл сайын мереке қарсаңында әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар мен класс шендері салтанатты жағдайда табыс етіледі. 6 мамыр күні де Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ лауазымды тұлға мен мемлекеттік қызметкерге І және ІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын», «Құрмет» ордендері мен «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдерін және әскери-арнаулы атақтарды тапсырды.

7 мамырда еліміздің әр өңірінде мерекелік іс-шаралар өтеді.