Қасым-Жомарт Тоқаев әскерилер мен полицейлерге мемлекеттік награда тапсырды

Президент І және ІІ дәрежелі "Даңқ", ІІ және ІІІ дәрежелі "Айбын", "Құрмет" ордендері мен "Ерлігі үшін" және "Жауынгерлік ерлігі үшін" медальдерін табыс етті.

Президент әскерилер
Президент әскерилерге награда табыс етті. Фото: Аkorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және құқық қорғау саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар тапсыру барысында салтанатты шараның Отан қорғаушы және Жеңіс күні қарсаңында өтуінің де мәні зор екенін айтты. Президенттің айтуынша, қауіпсіздік пен қорғаныс – аса маңызды салалар.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жоғары санатты, білікті сардарлар мүлдем аз болды. Тұңғыш Президентіміз әр сарбазды жігерлендіре отырып, айбынды әскер құрды. Бүгінде біздің Күш құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі ұтқыр күшке айналды. Жақында ғана өткен “Айбалта-2019” оқу-жаттығуы – соның айқын дәлелі, – деді Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев адам өмірін өрттен, судан арашалап қалған бейбіт күн батырларының ерлігі туралы да айтты.

Сіздердің бейбіт күндегі ерліктеріңіз бен игі істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Сондықтан біз мінсіз әскери қызметімен, ерен ерлігімен дараланған азаматтарды марапаттау үшін жиналып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты шарада І дәрежелі “Даңқ” орденімен ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары Әділбек Алдабергенов, ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлік Кененбаев және ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Василий Рысбаев марапатталды.

ІІ дәрежелі “Даңқ” ордені ҚР Ішкі істер министрлігі Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы  Бекет Аймағамбетовке, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы Сәбит Құрманәлиевке тапсырылды.

ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен Мемлекеттік күзет қызметінің Президент күзеті қызметінің бас инспекторы Виктор Балясников, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Қуаныш Бекбасов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының бірінші орынбасары Ринат Қоқымбаев, Қорғаныс министрлігі №48386 әскери бөлімінің командирі Талғат Құсайынов, Ішкі істер министрлігі криминал полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Омарбеков, Қорғаныс министрлігі №28738 әскери бөлімінің командирі Жанат Расқұлов, Атырау жол-патруль полициясы батальонының инспекторы Рүстембек Сундутов, ҚР Қарулы Күштері Әскери-әуе күштері қолбасшысының орынбасары Нұрболат Топаев, Қорғаныс министрлігі №03858 әскери бөлімінің командирі Мейрам Хамзин марапатталды.

ІІІ дәрежелі “Айбын” ордені Мемлекеттік күзет қызметінің Объектілерді қорғау қызметінің “Айбын” президенттік полкының аға маманы – атқышы Амангелді Құсайыновқа тапсырылды.

“Құрмет” орденімен Бас прокуратураның қызмет бастығының орынбасары Радимхан Дубаева марапатталды.

“Ерлігі үшін” медалі ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланның “Орталық” өңірлік қолбасшылығы №6697 әскери бөлімінің сарбазы Медет Балабиевке, ҚР Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №1 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Аянбек Кенжешовке, ҚР Қорғаныс министрлігі №35411 әскери бөлімі артиллериялық дивизионының маманы Қуандық Қанатовқа, ҚР Ішкі істер министрлігі Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстар қызметі №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Александр Минаевқа, ҚР Ішкі істер министрлігі Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің Тайынша ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Ерлан Ыбыраевқа тапсырылды.

“Жауынгерлік ерлігі үшін” медалімен ҚР Қарулы Күштері Бас штабы орталық командалық пункті бастығының орынбасары – Орталық командалық пунктінің жедел кезекшісі Владимир Абрамов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқарма бастығы Жаслан Жанайдаров, ҚР Қорғаныс министрлігі №35950 әскери бөлімі штабының аға офицері Асхат Мадияров, ҚР Қорғаныс министрлігі №55652 әскери бөлімі авиация эскадрильясы авиациялық буынының аға ұшқышы Көбеген Мырзатаев, ҚР Қорғаныс министрлігі №35748 әскери бөлімі танк батальонының командирі Асылбек Онтақов  марапатталды.

Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев марапатталушыларға мінсіз қызметі үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық, отбасыларына береке, жаңа табыстар тіледі.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!