Кене деген қандай жәндік?

Көктемде қоршаған ортада түрлi жұқпалы ауруларды тарататын жәндiктердiң де белсендiлiгi арта түседi. Солардың бiрi — кене.

Кенелер — өрмекші тәріздестерге жататын жәндіктердің бір түрі. Кененің кей түрі ауыл шаруашылығына зор зиян келтірсе, кей түрінің пайдалы жақтары да бар. Паразитті тіршілік ететін кенелер жан-жануарлардың, адамның денесіне жабысып, қанын сорып тіршілік етеді. Олардың көптеген жұқпалы ауруларды таратушылары да бар.

Кене
©press.lv

Кенелердің сан алуан топтары бар. Олардың ең көп тарағандары: жайылым кенесі, су кенесі, астық кенесі, қамба кенесі, өрмеккене, берішкене, мамықкене, шашкене.

Кене энцефалиті деген не?

Кене энцефалиті – кене арқылы тарайтын, ми қабынуын және орталық жүйке қабынуын тудырып, орталық жүйке жүйесін қатты зақымдайтын, жедел өтетін жұқпалы ауру. Кейде кене энцефалитін табиғи-ошақты тайгалық энцефалит, көктемгі-жаздық энцефалит деп те атайды.

Кененiң шағуы арқылы берiлетiн жұқпалы аурулар көктем-жаз айларында жиі кездеседі. Кененiң шағуын дер кезінде байқау қиын. Себебі кене өз денесiнен арнайы ферменттер бөлiп, шаққан орнын бiлдiрмеуге тырысады. Тұмсығын терi қабатына енгiзген кене, майда қан тамырларынан қоректене бастайды. Сол жерде тойған мезетте бiрнеше мың жұмыртқаларын терi астына тастап, сол мезеттен бастап ауру белгiлерiн шақыра бастайды.

Кене шағу белгілері

  • дене қызуының көтерілуі;
  • бастың ауруы;
  • құсу, лоқсу;
  • әлсіздену, арқаның талып, буындардың ауруы;
  • беттің, арқаның кеуденің, көздің қызаруы.

Кене шағып алса…

Кенені қалай алу керек
©life.ru

Кене шағып алған жағдайда мүмкіндігінше денсаулық сақтау орындарына барған дұрыс. Егер оған баруға мүмкіндіктер болмаса онда арнайы тәртіптерді сақтай отырып, денедегі кенені алып тастау керек. Оны бірден жұлып алған жағдайда, мұртшалары теріде қалып кетуі мүмкін. Сондықтан, барынша абайлап алу керек.

Кене шағып алған күннің өзінде абдыраудың қажеті жоқ. Тек мына алғышарттарды есте сақтау керек:

  • Қан сорып жатқан кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша ақырын тарту керек.
  • Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса, өздігінен шығуын бақылау керек. Егер шықпаса, хирургке қаралу керек.
  • Кенені жұлған соң қолды мұқият жуып, йод немесе спиртпен өңдеу керек. Кейде кенелер қан сору кезінде теріге патогенді вирустар жұқтырылған зәрін қалдыруы мүмкін. Табылған кенені жағып немесе қайнаған суға салып көзін құртқаныңыз жөн.

Қалай сақтану керек?

Табиғат аясында демалып үйге келгеннен кейін денедегі киімдеріңізді қағып, жақсылап қарап шығыңыз. Әсіресе, құлақтың артын, басты, шаштардың, саусақтардың арасын тексеріп шығыңыз.

Ал табиғат аясына шыққанда мына қарапайым ережелерді сақтану керек:

  • Табиғат аясына шыққанда ашық түсті киім киюге тырысыңыз. Бұл киімге жабысқан кенені бірден тауып алуға көмектеседі. Сондай-ақ, етек-жеңі ұзын, жабық киімді таңдаңыз. Киген киіміңіз денеге тиіп тұрғаны абзал. Шалбарды міндетті түрде етіктің ішіне салып, басыңызға міндетті түрде бас киім немесе орамал тағу керек.
  • Киімдерді тазалау кезінде арнайы жабыстыратын құралды пайдалануға болады.
©life.ru
  • Сақтық шаралары үшін кенелер мен шіркейлерге қарсы аэрозольдар мен жақпа майлар пайдалануға болады.
  • Кенелер қалың шөптердің арасында жасырынатындықтан, көк шөпте отырмауға, ойнамауға кеңес береміз. Орманды жерлерде ағаштар мен шөптерді, тіпті, гүлдерді де жұлмаңыз, себебі өсімдіктегі кенелер үстіңізге жабысып қалу қаупі бар.
  • Серуеннен қайтып келген соң, денеңізді мұқият қарап шығыңыз, шашыңызды тарақпен тараңыз.
  • Кене адам терісіне қонған соң жарты сағаттай шағатын орын іздейді, сондықтан мұқият болсаңыз кене шағудың алдын алуға болады.

Көп адамдар кенеге қарапайым жәндік ретінде қарайды. Кене шағып алған жағдайда дәрігерге қаралудың қажеті шамалы деп ойлайды. Кене энцефалиті адам өміріне қауіпті аурулар туғызады. Сондықтан, емханаға қаралуды кейінге қалдырмаңыз.