Нұрсұлтан Назарбаев екі әдебиеттанушы ғалымды қабылдады

Нұрсұлтан Назарбаев журналист, жазушы, қоғам қайраткері, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан мен филология ғылымдарының докторы, академик, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Серік Қирабаевты қабылдады.

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті мен белгілі әдебиеттанушы-ғалым Серік Қирабаев ұлттық әдебиеттің қазіргі жағдайы мен даму перспективасын және білім беру мен ғылым саласының өзекті мәселелерін талқылады.

Серік Қирабаев Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті өкілеттігін тоқтату туралы маңызды шешім қабылдағанын атап өтіп, Елбасының алдағы қызметіне табыс тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Уәлихан Қалижан
Нұрсұлтан Назарбаев Уәлихан Қалижанмен әңгімелесті. Фото: Аkorda.kz

Уәлихан Қалижан Нұрсұлтан Назарбаевқа институттың қазіргі ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев ғалымның қазақ әдебиеті мен өнерін дамытуға зор еңбек сіңіргенін айтып, Қазақстанды өркендету жолындағы табысты жұмысына алғыс білдірді.