Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев — әлем дипломатиясы реформаларының куәгері

Жауапты да салмақты дипломатиялық қызметті алып жүру кез келген адамның қолынан келе бермейтіні белгілі. Ол үшін тек бірнеше тіл біліп қоймай, мемлекеттік және халықаралық саясат, құқық, заңды терең түсініп, елдің мүддесін жақсы сезіне білу қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жауапты дипломатиялық қызметін қашан және қайдан бастағанына үңілетін болсақ, ол КСРО кезінде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында оқып жүргенде Қытайда оқу тәжірибесінен өтуден бастаған. Одан кейін 1983 жылы Пекин лингвистикалық институтынан тағылымдамадан өтеді. Ал 1985-1991 жылдар аралығында Тоқаев Қытайдағы кеңестік елшілікте жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев

Қытайдан тәжірибеден өтіп, артынша жұмысқа орналасуы жас маманға дипломатия жолында бірден үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Себебі 1980 жылдардың аяғында Қытай Кеңес Үкіметінің сыртқы саясатының ең қиын және маңызды бағыттарының бірі болатын. Ал дәл сол кезде Қытайда саясаттың ашықтығы мен жаңа саяси реформаларды жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатқан болатын. Осылайша Тоқаев сол кездегі Қытайдың саяси реформалау, мемлекеттік жүйесін қалыптастыру және жаңа экономикалық модельге ауысу кезеңін тікелей бақылай алды. Сондықтан Тоқаев Қытайдың дамушы кедей елден әлемдік экономикалық алпауытқа айналуы сияқты сәтті реформасының куәгері ретінде «мемлекетті модернизациялауды» жақсы біледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев КСРО-ның Қытайдағы елшілігінде О.А. Трояновскийдің қарамағында қызмет атқарды. Ал Трояновский — Молотов, Хрущев және Горбачев сияқты тұлғалармен жұмыс істеген мықты дипломаттардың бірі. Дәл осы Трояновскийдің арқасында сол кездегі екі социалистік держава — Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы сыртқы қарым-қатынас жақсара бастады. Міне, еңбек жолын осындай басшы және алпауыт елдің арасындағы сыртқы саясаттың сәтті орындалуынан бастаған Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі мол екендігін көруге болады. Себебі кеңестік елшілікте қызмет еткен жас дипломат екі ел арасындағы шиеленіскен мәселелердің шешілуіне тікелей қатысып, саяси реформалардың жасалуының куәгері болды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың КСРО құрамында кеңес-қытай байланысының орнатылуы кезеңінде жұмыс істеуі Нұрсұлтан Назарбаевтың шығыстағы көршімізбен достық қарым-қатынас орнатуға арналған бағытын жүзеге асыруға көмектесті.