Қаламқас кен орнындағы апат себебін анықтау жұмысы аяқталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов мәлімдеді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылғы 13 наурыздағы Маңғыстау облысы Қаламқас кен орнындағы №8237 ұңғымасында болған аварияны тергеп-тексеру жұмысын аяқтады. Комиссия ұсынылған материалдарды қарастырып, «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС ұңғыманы бұрғылау кезінде өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптарын бұзғанын, бұл газ бен судың атқылауына себеп болғанын анықтады, — деді Нығметжан Мақажанов.
Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті өкілінің айтуынша, мердігер ұйым — «Си Бу» компаниясының ұңғыманы салуға арналған техникалық жобаны, мұнай мен газ ұңғымаларын бекіту жөніндегі әдістемелік нұсқаулар талаптарын бұза отырып, цементтің қатаюын күтудің белгіленген уақытын есептемеген, ұңғыманың сағасы уақытынан бұрын герметизацияланған. Бұған қоса, атқыламаға қарсы жабдықты (АҚЖ) пайдаланудың өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы норматив-құқықтық актісінің талаптарын сақтамаған.
«Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» тарапынан осы ұңғыманың құрылысын қауіпсіз жүргізуге қажет болған өндірістік бақылау қамтамасыз етілмеген, сонымен бірге компания қызметкерлерінің өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы білім дәрежесі сәйкес келмейді, — деді комитет төрағасының орынбасары.
Комиссияның апатты тергеп-тексеру жөніндегі шешімі бойынша «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС-інің кінәсі анықталды. Апат себептері мен мән-жайлары көрсетілген акті жасалып, ондай апаттарды қайта болдырмау жөнінде шаралар қабылданды. Тексеру материалдары құқық қорғау органдарына берілген.
Еске сала кетейік, 25 наурызда Қаламқас кен орнындағы ұңғымалардың бірінде өрт шыққан еді. Жалынды ауыздықтау бірнеше күн бойы мүмкін болмады. Өрттен зардап шеккендер жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жалынды сөндіру мен төтенше оқиғаны жою жөнінде барлық қажет шараны қолға алуды тапсырды. Оқиғаға байланысты шұғыл штаб құрылды. 28 наурыз күні қарай Энергетика министрлігі кен орнындағы өрттің сөнгенін хабарлады.