Басты бетЖаңалықтарОСК: Әміржан...

ОСК: Әміржан Қосанов президенттікке кандидат ретінде заң талаптарына сай

Әміржан Қосанов Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкес келеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Әміржан Сағидрахманұлы Қосановтың ҚР Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтау туралы қаулы қабылдады.

Қаулының 1-тармағында кандидат Әміржан Қосановтың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылған талаптарға сай екені белгіленсе, 2-тармағы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Республикасы астанасының сайлау комиссияларына оған қол жинау парақтарын беру тапсырылды.

Қол жинауды президенттікке кандидаттың сенім білдірген адамдары жүзеге асырады. Еске салайық, бұған дейін Жамбыл Ахметбеков пен Төлеутай Рақымбековтің президенттікке кандидат ретінде заң талаптарына сай келетіні анықталып, оларға қол жинауға рұқсат берілгені хабарланған еді.

Кезектен тыс Президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Саяси додаға түсуге ұсынылғандардың саны — 8.