2013 жылдың күзі. Ол кезде Күрес федерациясында жұмыс істейтінмін. Түскі үзіліс кезінде бизнес орталығынан шықтым. Көлігіме ноутбук, фотоаппарат және планшет бар сөмкені салдым. Дәл сол сәтте мен бара жатқан адамға «Шоколад алып беремін» деп уәде еткенім есіме түсті. Ғимараттың бірінші қабатында орналасқан дәмханаға бар болғаны екі минутқа кірдім. Кіреберісте бірнеше жігіттің маған қарап, сыбырласқанын байқадым. Мән бермедім. Сол кездері есіктің алдында құрылысшылар көп жүретін.
Екі минуттан соң сыртқа шықтым. Жаңағы жігіттердің көлігімнің қасында тұрғанын және қолдарында менің сөмкем бар екенін көрдім. Шошығанымнан айқайлап жібердім. Ұрылар мені көрді де, қатты жүгіргені соншалық бірер сәтте көзден ғайып болды. Адам тығырыққа тірелгенде не істерін білмейді екен. Артынан жүгірдім, кейін көлігіме мініп, солар кеткен ауланы араладым. Әрине, оларды таппадым.
Көлігімде жылап отырғанымда жаныма бір қымбат, үлкен машина тоқтады. Ішінен бір аға шығып, көлігіме отырды. Орта жастағы, жүзі жылы кісі екен. Ол кісі бағдаршамда тұрып, менің айқайлағанымды, жүгіргенімді, жылағанымды көрген екен. Жолынан қалып, артқа айналыпты. Менен жағдайды анықтап сұрап, қайтадан көлігіне кетті. Бір кезде қолына доллар ұстап келді.
Мен өмірде талай нәрсені көрдім. Қиындық та, жақсылық та көп болды. Бірақ менің түсінгенім — дүние үшін ешқашан қайғырмау керек. Біз үшін одан да маңызды нәрселер бар. Сен қазір мына ақшаны ал да, ұрланған затыңның бәрін жаңадан сатып ал,- деді.
Мен қатты таңғалдым. «Алмаймын» деп бас тарттым. Бірақ әлгі кісі ақшаны қобдишаға салды да, өз көлігіне тез мініп кетті.
Ол кісінің есімін білмеймін, бірақ ол үшін үнемі дұғадамын. Алла мұсылманның ризығын күтпеген жерден береді. Дәл сол кезде біз жарты жылдай жалақы алмай жүрген едік. Мен сол бейтаныс адамға алғысымды айтқым келеді. Қайда жүрсе де, жолы ашық болсын.
Тағы да оқыңыз: «Маған ренжімесе екен». Түрмеде болған сол бір адам туралы