«Қазгидромет» РМК мамандары 27-29 сәуір күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады.
Көпжылдық мәлімет бойынша Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында сәуір және мамыр айларында ең көп мөлшерде жауын-шашын түседі. Осы жылдың сәуір айы да — соған дәлел, өйткені 25 күннің 19-ы жауын-шашынды болып, айлық нормадан көп жауын-шашын түсті. Сонымен қатар республиканың басқа аймақтарында да сәуір жауын-шашынды болды. Сәуірдің соңғы демалыс күндері де Баренц және Кар теңіздерінен жылжитын суық атмосфералық фронттардың әсерінен көптеген аймақта жаңбыр жауады, солтүстік, орталық және шығыс облыстарда жаңбыр жылбысқы қарға ауысады және ауа температурасы төмендейді, — деп хабарлады синоптиктер.
Мамандардың болжамына қарағанда жексенбіде оңтүстікте және оңтүстік-шығыста күн жауын-шашынсыз, бірақ салқын болады.
27 сәуір — сенбіде Қазақстанның басым бөлігінде күн жауын-шашынды болады, республиканың шығысында нөсер жауады. Өңірлерде тұман түседі, жел күшейеді, найзағай ойнайды, бұршақ жаууы мүмкін, солтүстікте жаяу бұрқасын соғады, оңтүстікте дауыл тұрады.
Солтүстік Қазақстан облысында тұман түседі, көктайғақ болады, жаяу бұрқасын, 25 м/с жел соғады, қар жауады, 5 градус аязға дейін суық болады. Шығыс Қазақстан облысында жел екпіні 23-28 м/с-ке дейін күшейеді, бұршақ жаууы мүмкін. Қарағанды облысында тұман түседі, 25 м/с жел соғады. Қызылорда облысында 15-20 м/с жел соғады, шаңды дауыл тұрады. Түркістан облысында 15-20 м/с жел соғады, бұршақ жаууы мүмкін. Қостанай, Павлодар облыстарында 15-20 м/с жел соғады, тұман түседі, көктайғақ болады. Ақмола, Алматы, Жамбыл, Атырау облыстарында тұман түседі, 15-20 м/с жел соғады, Ақмола облысында көктайғақ болады. Маңғыстау облысында тұман түседі.
Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында өзендердің деңгейі көтерілуі мүмкін. Үлкен Алматы, Кіші Алматы шатқалдарында қар көшкіні қаупі бар.