Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы ҚР Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында бекітілген талаптарға сәйкес келетінін хабарлады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 54-бабына және 56-бабының 6-тармағының 2-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы қаулы етеді: 1. Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында оған қойылған талаптарға сәйкес екені анықталсын. 2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, республика астанасының сайлау комиссиялары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын қолдарды жинау үшін қол қою парақтарын берсін, — делінген ОСК қаулысында.
Қаулы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және республика астанасының сайлау комиссияларына орындауға жіберіледі. Еске салайық, бұған дейін ҚР Конституциялық кеңесі кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясы 41-бабының 2-тармағында белгіленген Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұру талабына қаншалықты сай келетіні жөнінде шешім шығарған еді.