«Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» және «Тіл туралы» заң бар. Осы заңдарда «өтініш, арыз, сұрау қай тілде түссе, сол тілде жауап беріледі» деп көрсетілген. Демек, азамат қазақ тілінде жауап алуы үшін сұрақты қазақ тілінде қоюы керек.

Егер оның қазақша жазған өтінішіне орысша немесе басқа тілде жауап келсе, ол құқық қорғау органдарына, жергілікті полицияға немесе прокуратураға арыз түсіре алады. Мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде де осындай жағдай болса, қызметкерлер қазақша жауап беруден бас тартса, тиісті органдарға жүгінуіне болады.

Арыз-талап орындалуы үшін қандай шарттарды ескеру керек?

Азаматтың арыз-талабы орындалуы үшін дәлелі болуы керек. Мысалы, ол жазған өтінішіне басқа тілде жауап алды дейік. Енді арызына өзі жазған өтінішпен бірге басқа тілде түскен жауаптың көшірмелерін тіркеп, құқық қорғау органдарына тапсыруы керек. Егер бұл көрініс ауызша болған болса, яғни мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымдарда қазақ тілінде жауап ала алмаса, арызына сол оқиға кезіндегі куәгерлер туралы қосып жазуы қажет.

Заңгердің айтуынша, қазіргі уақытта азаматтардың көбінде телефон бар және соған видеоға түсіріп, оны дәлел ретінде қолдануға болады. Егер видеоайғағы болса, оны дискке жүктеп, өткізуі керек. Мән-жайды полиция ары қарай зерттеп, заңда көрсетілген шараны қолданады.

Қандай жағдайда арыз қарастырылмайды?

Құқық қорғау органдарына келіп түскен арыздың барлығы, тіпті, аноним өтініштер де ескеріледі. Егер арызда өтініш иесінің толық аты-жөні, тұрғылықты мекенжайы, ЖСН, телефон нөмірі көрсетілмесе, аноним болып есептеледі. Мұндай өтініш ескерілсе де, қарастырылмайды. Мемлекеттік мекемелер әр тоқсан сайын түскен арыздар бойынша есеп жүргізеді. Сол есепте қанша арыздың аноним түскені және онда не туралы жазылғаны да ескеріледі. Алайда оған жауап берілмейді, өйткені кімге жауап жазу керек екені белгісіз. Қалған өтініштің барлығы қарастырылады.

«Қазақ тілін меңгеру — әр қазақстандықтың парызы»

«Тіл туралы» заңның 4-бабында «Мемлекеттiк тiлдi меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» делінген. Заңгер Гүлмира Қошқарова баптағы «парыз» сөзінің қандай мағына беретінін де түсіндірді.

Заңда «Мемлекеттік тіл — қазақ тілі» деп көрсетілген. Дегенмен біздің елде мемлекеттік тіл туралы бөлек заң жоқ. Ал «Тіл туралы» заң — барлық тілді қарастыратын заң. Осы заңның 4-бабында көрсетілген «парыз» сөзі «міндет» деген ұғымды білдіреді. Дегенмен ескере кететін жағдай бар. Мысалы, салықтың төленген-төленбегені бойынша мемлекеттік кірістер басқармалары тексереді. Осы тәрізді «Мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деген бап бойынша жұмыс істейтін құзыретті орган жоқ, — дейді Гүлмира Қошқарова.

Алайда заңгердің айтуынша, құқықбұзушылық болған кезде тиісті органдарға осы бапқа сүйеніп, арыз жазуға болады. Дегенмен қазақ тілін білмейтін Қазақстанның барлық азаматының атына арыз жазып, оларды жауапкершілікке тартуға болмайды.

Заңда «тілді білу» емес, «меңгеру — парыз» деп көрсетілген. Ол үйрену деген ұғымды да білдіреді, яғни азаматтар қазақ тілін білмесе де, үйреніп жүруі мүмкін. Сонымен қатар мемлекет тарапынан бұл баптың орындалуы бойынша әзірге жағдай жасалып жатқан жоқ. Қазақ тілі мектептерде оқытылады, бірақ бұл барлық қазақстандықты қамтиды деген сөз емес. Егер әр аудан, елді мекенде қазақ тілін тегін үйрететін орталықтар жұмыс істеп жатқан болса, осы баптың орындалуын қадағалауға, талап етуге болар ма еді? — дейді заңгер Гүлмира Қошқарова.

Заңгерден кеңес

Кей жағдайда бірден құқық қорғау органдарына бармай, оқиғаны болған орында шешуге болады. Мысалы, мемлекеттік мекемеде сізге қазақ тілінде қызмет көрсетілмеді. Бұл туралы сол мекеменің басшылығына немесе оның қарайтын басқармасына жүгінсе болады. Мысалы, ауруханада сізге қазақ тілінде жауап берілмеді. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарласуыңызға болады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне де жүгінсеңіз, арызыңыз ескеріледі.

Тәжірибем бойынша байқағаным, мемлекеттік емес мекемелерде де қазақ тіліндегі сұрауыма маман жауап бере алмаса, тілді білетін басқа маманды шақырады. Қазіргі уақытта барлық мекеме қазақ тілінде қызмет көрсетуге тырысады, жағдай жасайды, — дейді заңгер.

Тілге қатысты заңнаманы бұзғаны үшін қандай жауапкершілікке тартуы мүмкін?

«Тiл туралы» заңды бұзғаны үшiн жауаптылық Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 75-бабында көрсетілген.

  • Егер лауазымды адам тiл бiлмеуін уәж етіп, жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын, өтініштерін қабылдаудан бас тартса, оған ескерту жасалады немесе 10 АЕК* мөлшерiнде айыппұл салынуы мүмкін. Егер бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.
  • Деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптар бұзылса, ескерту жасалады. Егер бұл жағдай әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталанса, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне 10, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 25 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.
  • Лауазымды адам жеке тұлғалардың тiл таңдау құқықтарын шектеп, тiлдік белгілері бойынша кемсiтсе, оған 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Бұл жағдай әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл төленеді.

1 АЕК — 2525 теңге