Алматыда жылдың басынан бері қалта қағатын 194 ұры ұсталды. Полиция олардың фотосуретін жария етті.

Қалта ұрлайтын 194 адам
Фото: Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі

Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұрыларды ұстау үшін полицейлерге шеберлік, байқампаздық, интуиция мен психологтың дағдыларын көрсетуге тура келеді.

Қалта ұрыларын ұстауға шұғыл іздестіру жасағының қызметкерлері шығады. Олар қарапайым адам ретінде, көбіне қоғамдық орындар мен қоғамдық көлікте жүріп қызмет атқарады. Тәжірибеден белгілісі: қалта ұрыларының көбі таңғы және кешкі мезгілде, адамдар жұмысқа, оқуға кетіп бара жатқанда әрекет етеді, абыр-сабыр кезі оларға тиімді. Бүгінде мегаполис полициясы азаматтарға қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, қырағылық пен сақтық шараларын үнемі еске салып тұру үшін алдын алу жұмысының неше түрлі әдісін қолданады. Қалта ұрыларының суреті жарияланған ақпарат плакаттары қоғамдық орындарға ілінеді, қоғамдық көлік жолаушыларына мұқият болу мен жеке мүлікке ие болу ескертіледі, — деді Алматы полиция департаментінің криминал полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Есен Ысқақов.

Полицейлер қалта ұрыларының суретін жариялау тәжірибесін әлі де қолдана бермек. Себебі қоғамдық жазалаудың бұл тәсілі оң нәтиже бере бастаған: қалта ұрыларының кейбірі туыстары мен таныстарынан ұялғаннан кейін бұл әдетін қойған.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!