Қазыбек би елін алыс-жақын жау шабуылынан қорғау мақсатында Сарыарқа даласынан жер іздеп, жолға шығады. Жоңғар ханы мұны естіп, дереу әскер жіберіп, Қазыбектің елін шапқызады. Мыңдаған бас мал мен жүздеген жанды қалмақтар тұтқынға әкетеді. Қыз-келіншектерді алғанымен қоймай, ұлдарды да құлдыққа айдайды. Қонтайшы бидің ұлы Қазымбетті де алдырады. Қазыбек би жұтаған елдің жағдайын көріп, жайбарақат отыра алмайды. Қасына кеңесшілерін ертіп, қалмақтарға барады. Жоңғар ханы Қазыбек бидің келе жатқанын естіп, дайын отырады. Ол қоластындағыларға “қазақ биін қарсы алып, құрмет көрсетіңдер” деп бұйрық береді. Бірақ өзі Қазыбекпен бетпе-бет жүздесіп, сөйлескісі келмейді. Жоңғар ханы Қазыбектен сөзден жеңіліп қалатынын жақсы біліп, адамдарын босатып жіберуді ойлайды. Қазыбектің ұлы Қазымбетті ғана “Тірі емес, құн төлеймін” деп бермей қояды. Сонда Қазыбек би қонтайшыға:

Жұмыр басты, екі аяқты адамымның өзін қайыр. Төрт аяқты айдынды бозымның көзін қайыр. Ерім үшін құн алмай өлісемін, бозымның көзі жоқ болса, екі есе құн аламын. Бұл айтқаным болмаса, тал түсте тапап аламын, – дейді.

Сонда жоңғар ханы:

Қазыбек би, ерің үшін құн алмай өлісемін дегеніңді жөн дедік. Ал бозыңның төлеуін екі есе қып аламын дегеніңе жол болсын, – депті.

Сонда Қазыбек би:

Бозымның төлеуі екі есе болатын себебі – қалың топтың ішінде оның жарқ еткен айбыны қонтайшыдай жанды да сескендіреді. Ханды сескендірер адамның төлеуі толық болса, ендігәрі оңдырмаспын, – дейді.

Осылайша Қазыбек би жоңғарлардан тұтқынға түскен ұлымен бірге елін, малын қайтарып алады.

Осы сапардан келе сала Қазыбек би елін Сарыарқаға бастап, көш түзейді. Бірақ көш ұзаққа созылып, соңында қалған бір қауым елді әлгі қонтайшы тағы шауып кетеді. Қазыбек мұны ести сала тағы да жоңғарларға жолға шығады. Бұл жолы Қазыбек би қонтайшымен біржола бітісуді ойлайды. Қонтайшының ордасына жақындағанда алдынан бір жас қыз шығып, Қазыбек биден қайда бара жатқанын сұрайды. Қазыбек қызға қонтайшыға елшілікпен бара жатқанын айтады. Сонда әлгі қыз оған:

Елші болсаң, қазақтың Қазыбегі боларсың, есебің бітсе, мені де еске аларсың, – дейді.

Қазыбек қонтайшының ордасына түсіп:

Оу, хан, сен ел шабуды қоймадың, мен елшілікке келуді қоймадым, – депті.

Қонтайшы бұған:

Қазыбек би, дұрыс айтасың, сенің қаршадай 14 жасыңда алғаш алдыма келіп, төрелік жасап, сөзбен сұлатқаныңда: “Шіркін-ай, мынадан бір тұқым алар ма еді”, – деп ойладым. Содан кейін Қазымбет ұлыңды алдырдым. Бірақ сен “ерімнің өзі қайтпай тұрып бітім етпеймін” дедің. Не бізге тіліңді кесіп, тастап кетпедің. Содан кейін менен іргеңді аулақ салып, әрі көштің. Сені қайта келтіру үшін артта қалған еліңді шаптырып алдым. Ендігі сөздің турасы сенімен достасуға құмармын. “Даудың артын қыз бітейді, судың артын шым бітейді”, құп ал менің сөзімді. Ендігі саған айтарым: не қыз ал, не қыз бер маған, – депті.

 Сонда Қазыбек Жоңғар ханына:

Саған беретін қызым жоқ, қыз берсең алайын, – дейді.

Хан Қазыбектен:

Ұлың нешеу еді? – деп сұрайды.

Қазыбек:

Бір жарым ұлым бар, – деп жауап береді.

Қонтайшы:

Бір жарымы несі? Сенің бес ұлың бар деп естідім ғой, – дейді таңданып.

Сонда Қазыбек би:

Менің елге ие болатын ұлым біреу-ақ, аты – Бекболат, соны бүтінге есептедім. Ал мал мен қатынға ғана ие болатын үшеуін есепке алып жүргенім жоқ, олар  – жарты бала, – депті.

Бұл сөзден соң қонтайшы қызын қазақтарға беріп, Қазыбек бидің арқасына қамқа тон жауып, шығарып салады. Қазыбек хан ордасына кірген кезде сыртта жөн сұраған бойжеткен қонтайшының қызы болып шығады. Би жас қызды Бекболатқа қосады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!