Күлгін түсті кішкентай гүлдерді далада көп кездестірген боларсыз. Бір қараған адамға жай жабайы гүл болып көрінгенімен бұл өсімдіктің пайдасы мол. Ол кофені алмастырып, жүрек жұмысын жақсартады.
Шашыратқы (цикорий) — шөптесін өсімдік. Оның әлемде қоңыржай және субтропика аймақтарында өсетін 8-10 түрі белгілі. Шашыратқыны үй жағдайында өсіріп, әртүрлі тұнба жасап, қолдану қауіпті емес пе? Дала шашыратқысының зияны бар ма? Baribar.kz ботаник, биология ғылымдарының кандидаты Людмила Грузинскаядан жауап алды.
Шашыратқы Қазақстанның қай аймағында өседі?
Людмила Грузинскаяның айтуынша, шашыратқы барлық жерде өсе береді.
Шашыратқы — климат пен жер таңдамайтын өсімдік. Посткеңестік кеңістікте шашыратқы барлық жерде өсетіндіктен оны арнайы екпейді. Халық далада өсетін түрін тұтына береді. Көрші мемлекеттерде де оны даладан алып, дәрілер жасайды. Еуропада шашыратқыны қолдану кең тараған. Ол жақта бұл өсімдіктің түрлі сорты өсіріледі. Әрі халықтық емде де танымал, — дейді ботаник.
Дала шашыратқысы мен егістік шашыратқысының айырмашылығы қандай?
Шашыратқының дақылды түрі құнарлы топырақта, арнайы жағдайда өсетіндіктен шырынды келеді. Сонымен қатар салмағы ауыр, құрамында әсер еткіш элементтері көбірек. Ал далада өздігінен өскен шашыратқы құрғақ әрі талшықты, тамыры жіңішке, жеңіл келеді. Дегенмен бұл шөптесін өсімдіктің жабайысы мен екпе түрінің емдік қасиеті бірдей деп айтуға болады. Егер екеуі қатар тұрса, ажырату қиын. Себебі екеуінің түсі де, көлемі де бірдей, — дейді Людмила Грузинская.
Шашыратқының пайдасы қандай?
Әдетте, кептірілген шашыратқыны майдалайды да, қайнатып, тұнба түрінде ішеді. Сонымен қатар дүкенде оның ұнтақталған түрі сатылады. Людмила Грузинскаяның айтуынша, шашыратқының ұнтақталған түрін қант диабетімен ауырғанда және жүрек бұлшықетінің жұмысы нашарлағанда қолданады.
Шашыратқының тамырында инулин бар. Дала шашыратқысында инулин 30-40% болса, дақылды түрінде 60% болады. Инулин микробқа және қабынуға қарсы қолданылады. Ол жүйке жүйесін тыныштандырып, жүректің жұмысын жақсартады. Қант диабеті бар және жүрегі нашар адамдарға да шашыратқының дайын ұнтағын қолдану ұсынылады. Бұл өсімдікті кофенің орнына тұтыну кең тараған. Шашыратқыдан жасалған ұнтақ кофеге қарағанда пайдалы. Кофенің құрамында кофеин бар, ол адамды тәуелді етеді әрі жүрек ауруларына алып келеді. Сондықтан жүрегі нашарларға кофенің орнына шашыратқыны тұтыну ұсынылады. Бірақ оның дәмі кофеден мүлдем бөлек, сондықтан көбіне ұнамауы мүмкін, — дейді биология ғылымдарының кандидаты Людмила Грузинская.
Шашыратқыны үйде өсіріп, қолдану қауіпті ме?
Шашыратқының ешқандай қаупі жоқ. Оны үй жағдайында өсіріп, түрлі тұнба дайындауға болады. Бірақ кішкентай балалар мен жүкті әйелдерге шашыратқыны қолдануда дәрігердің кеңесі қажет, — дейді ботаник.
Ассалаумағалейкум оны қалай қолданылады сабағымен қайнатама әлде гүлінбе
Мен қант ауруымен ауырамын 2019ж бері қарай. Шашыратқының емдік қасиеті барын естіп бүгін оқып отырмын. Маған шашыратқыны қалай ішу керек екенін айтып берсеңіздер деймін. Қайнатып ішу керек па? 1күнде қанша жолы ішу керек жәнеқай уақытта ішу керек. Рахмет.
Мен сахорга ишемин тамактан сон асеры жаксы сабагын турап демдеп ышемын.
Сәлеметсіздерме. Менің жолдасым 6 айдан асты демдеп шай күйінде тұтынады ішеді. Қантдиабетімен ауырады 24көтеріліп кетті. Қазір норма 6/2 ге түсті. Енді тек осы шашыратқыны пайдаланып ішеміз
Псорйяз ға емі бар ма