Қандай жағдайда жұмыссыз азаматтар әлеуметтік төлем алады? Оны қалай есептейді?

1. Жұмыссыздық үшін кімге әлеуметтік төлем беріледі?

Елімізде жұмыссыз қалған азаматтар әлеуметтік төлем тағайындата алады. Ол үшін алдымен жергілікті Жұмыспен қамту орталығына барып, «жұмыссыз» азамат ретінде тіркелуі керек. Жұмыссыз азаматқа бір айдан төрт айға дейін төлем тағайындалады.

Егер штат саны қысқарып немесе ұйым таратылған болса, яки өнім көлемі азайған себепті жұмыстан шықса, алты айға дейін әлеуметтік төлем алады.

Бұл ҚР  2003 жылғы 25 сәуірдегі N 405 «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» Заңымен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер сомасын тағайындау, есептеу (айқындау), қайта есептеу, сондай-ақ оларды жүзеге асыру ережесімен реттеледі.

2. Төлемді қайда барып тағайындатамын?

  1. Жұмыссыз ретінде тіркелуде Халықты жұмыспен қамту орталығына;
  2. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына (жұмыссыз ретінде тіркеу туралы мәліметтер бар болса);
  3. «Электрондық үкімет» (www.egov.kz) веб-порталы арқылы (жұмыссыз ретінде тіркеу туралы мәліметтер болғанда), ҚР Еңбек кодексінің 52-бабының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген негіздер бойынша жұмысын жоғалтқан адамдарды қоспағанда.

3. Кім қандай мерзімге дейін төлем алады?

Әлеуметтiк жарналар төленетiн, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң қатысушысына жұмыс iстеген жағдайда әлеуметтiк төлемдер тағайындалады:

1 айға

әлеуметтік аударымдар 6 айдан 12 айға дейін жүргізілгенде

2 айға

әлеуметтік аударымдар 12 айдан 24 айға дейін жүргізілген жағдайда

3 айда

әлеуметтік аударымдар 24 тен 36 айға дейін жүргізілген жағдайда

4 айға

әлеуметтік аударымдар 36 және одан да артық айларда жүргізілгенде

6 айға

жұмысын жоғалтқан адам ҚР Еңбек кодексінің 52-бабының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмысын жоғалтқан адам үшін 36 және одан да артық айларға әлеуметтік аударымдар жүргізілгенде, әлеуметтік төлемді тағайындата алады.

4. Әлеуметтік төлем қалай беріледі?

Жұмыссыз қалған азаматтарға берілетін төлем көлемі оның жылдық табысына байланысты болады. Әлеуметтік төлемді есептеу үшін мына формуланы қолданасыз: 2 жылдағы табыстың орташа мөлшерін 24 айға бөліп, алынған соманы 0,3 коэффициентіне көбейтесіз.

5. Төлемді қалай есептейді?

Мысалы, жұмыссыз қалған азамат екі жыл жұмыс істеген еді. Екі жыл ішінде оның еңбекақысы бір рет көтерілді. Бірінші жылы ол 100 мың теңге алды, екінші жылы 150 мың теңгеге дейін еңбекақысы көбейді. Енді осының барлығын қосып есептейміз:

  • 12*100 000+12*150 000=1 200 000+1 800 000= 3 000 000 теңге
  • Алынған соманы 24 айға бөлеміз: 3 000 000/24= 125 000 теңге
  • 125 000 теңге – табыстың орташа айлық мөлшері.
  • Енді оны 0,3 коэффициентіне көбейтесіз: 125 000*0,3=37 500 теңге.

Жоғарыдағы мысал бойынша, сіз жұмыссыз азамат ретінде айына 37 500 теңге төлем алып отырасыз.

6. Қандай құжаттар жинау керек?

  1. Жеке куәлік;
  2. ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағы 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек қатынастарының бұзылуын растайтын жұмыс берушінің актісінен көшірме;
  3. Тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтер);
  4. Жұмыссыз ретінде тіркеу туралы (Халықты жұмыспен қамту орталығының ақпараттық жүйесінен);
  5. Банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы банк шотының немесе түзету мекемесіндегі қолма-қол бақылау шотының нөмірі туралы.
Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!