Кейінгі жылдары белгілі банктерге, қаржы компанияларына, интернет-дүкендерге бейімделген жалған сайттардың саны 486%-ке артқан. Олар интернетте сауалнама жүргізіп, түрлі ұтыс, жеңілдік ұсынып, алаяқтықпен ақшаны, жеке мәліметтерді ұрлайды. Біз бүгінгі мақалада желідегі жеке мәліметті қорғау және Қазақстандағы ірі интернет сервистің бірі — OLX.kz мысалында интернеттегі төлем қауіпсіздігі туралы кеңес бөлісеміз. Бұл кеңестердің қарапайымдығы соншалық — кішкентай балалар оларды суретпен жеткізе алады. Маңызды ережелерді бізге OLX мамандарының балалары бейнелеп берді.
1. Жалған сайттарды қалай анықтауға болады?
Алаяқтар оп-оңай шарттарды орындағаныңызға қомақты ақша ұсынады. Мысалы, екі-үш сұраққа жауап бергеніңізге "50 мың теңге беремін" дейді. "Ұтысты алу үшін 1000 теңге аударыңыз" деп реквизиттерін жолдайды. Егер айтқанын істесеңіз, ең жақсы жағдайда 1000 теңгеңізден айырыласыз, керісінше болса, картаңыздағы бар қаражатыңызды қолды етеді.
Фишинг сайттарды - бейімделген сайттарды анықтау күрделілеу. Қылмыскерлер банк картасының мәліметтерін алып алатын немесе компьютерді зақымдап, ақша ұрлайтын қауіпті вирус тарататын фейк сайт жасайды. Интернет қолданушы оның кәдімгі сайттан айырмашылығын байқамай өзін тонауға жол береді. Ондай жағдай болмауы үшін қарапайым ережелерді ұстаныңыз:
- интернет-сауда жасар алдында сайт адресін тексеріңіз;
- дәл сол ресурс туралы интернеттен қарап, қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз;
- супер төмен бағаларға, ұтыстарға сенбеңіз;
- интернетте сауда жасауға бөлек банк картасын қолданыңыз.
2. Банк картасын алаяқтардан қалай қорғау керек?
Қылмыскерлер банк картасын тонаудың небір "кәсіби" тәсілін тапқан. Жалған сайт жасайды, жақыныңызға бір жағдай болғанын айтып, эмоциямен ойнайды, банк қызметкері ретінде сөйлеседі, зиян сілтемелер жолдайды және тағысын тағы. Дегенмен қандай тәсіл қолданса да, қарапайым ережелерді сақтап, картаңызды қорғай аласыз:
- Код, құпиясөзді ешкімге көрсетпеңіз.PIN-кодты телефоныңызға, картаның өзіне жазып қоюға болмайды. Қоғамдық орындарда PIN-код теруіңіз қажет болса, клавиатураны қолыңызбен қалқалап жабыңыз. Интернетте төлем жасауға арналған CVC/CVV кодын жан баласына көрсетпеңіз.
- Банк картасы бойынша SMS-хабарламаны қосып қойыңыз. Телефоныңызға картадан ақша алынғаны туралы хат келсе және оны сіз орындамаған болсаңыз, бірден банкке хабарласып, картаны бұғаттаңыз. Банктің нөмірі картаның артында жазылып тұрады, оны телефоныңызға сақтап алыңыз.
- Антивирус орнатыңыз. Алаяқтарға жол бермеу үшін антивирус компьютеріңізде де, телефоныңызда да болғаны жөн. Бастысы, бағдарламаны ресми дүкеннен немесе сенімді сайттардан сатып алыңыз.
- Бөтен гаджеттен интернет төлем жасамаңыз. Гаджетіңіздің барлығына құпиясөз орнатыңыз және бөтен құрылғыдан төлем жасамауға тырысыңыз.
- Күмәнді сілтемелерді баспаңыз. Ол жеке мәліметтерді ұрлайтын қауіпті бағдарлама болуы мүмкін.
3. Интернетте қауіпсіз төлем жасау жолдары
Жоғарыда айтқан қылмыскерлердің түрлі тәсілі үрей туғызып, интернет-саудаға мүлде жоламауға үгіттегендей болуы мүмкін. Дегенмен қауіпсіздік шараларын жасап, маңызды ережелерді сақтайтын болсаңыз, жеке мәліметтеріңізге де, банк картаңызға да қауіп болмас. Ол үшін:
- төлем жасаудың бірнеше тәсілін ұсынбайтын интернет-дүкендердің қызметіне жүгінбеңіз;
- интернет төлемді сенімсіз сайттарда жасамаңыз. Дұрыс сайттардың адресі https:// жолағынан басталады;
- банк шотын, картаны басқа адамдарға бермеңіз;
- саудагердің жеке мәліметтеріне жіті мән беріңіз. Аккаунтының тіркелген уақытына, өнімге назар аударыңыз. Төлемді дұрыс жасау үшін қоңырау шалып сөйлескеніңіз жөн;
- алдын ала төлем жасамаңыз;
- ақшаны қолды ету үшін банк картасының нөмірі мен қолдану мерзімі жеткілікті. Сол себепті картаңызды фотоға түсіріп, ешкімге жолдамаңыз, ешқайда жарияламаңыз. Егер аса қажет болса, 16 цифрын ғана жазыңыз.
4. Төлем деректерінің қауіпсіздігін қалай тексеруге болады?
Интернеттегі қызметтерді пайдалану кезінде электрон поштаңыздың мекенжайымен байланыстырасыз. Бұл сайтта жасалған барлық транзакция туралы ақпаратты сақтауға мүмкіндік береді. Егер поштаңыздың құпиясөзіне қол жеткізсе, желіде сіздің атыңыздан, картаңыздан интернет-төлем жасауға да болады. Сол себепті поштаңыздың мәліметтеріне де сақ болыңыз.
Жеке деректеріңіз интернетте қолды болып кетпегенін тексеру үшін Haveibeenpwned.com сайтын қолдансаңыз болады. Электрон поштаңызды енгізіп, "pwned?" батырмасына басуыңыз керек. Сайт үлкен дерекқордан электрон поштаңызды іздейді. Notify me жеке дерегіңіздің қауіпсіздігін тексеріп береді.
Егер картаңыздан себепсізден ақша алынып жатқанын білсеңіз, бірден банкке хабарласаңыз. Егер бір күннен кешіксеңіз, банк сіздің шығынды өтеуден бас тартуға құқылы. Негізі төлеміңіз жөніндегі мәліметтердің қауіпсіздігіне банк жауапты, егер ақшаның жоғалғанына кінәлі екеніңізді дәлелдей алмаса, банк ақшаны қайтарып беруі керек. Егер интернет-дүкенде төлем жасау кезінде 3DSecure / SecureCode қолданбайтын болса, банк дүкеннен қаражат талап етуі мүмкін.
5. OLX-те сауда жасау кезінде не нәрсеге мән беру керек?
Қазақстандағы ең ірі хабарлама қызметтерінің бірі және ай сайын 9 миллионға жуық адам кіретін платформа ретінде OLX.kz жеке қолданушыларына маңызды әрі қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді. Әдетте алаяқтықтың көрінісі мынадай болады:
- қылмыскер өтімді тауарды орташа бағада көрсетіп хабарлама қалдырады. Мысалы, тренажер немесе смартфон. Жалған хабарламада баға өте тиімді әрі нарықтағыдан әлдеқайда төмен болады;
- қызығушылық танытқан қолданушыға жеткізіп беру қызметіне көндіреді. Оған түрлі себеп айтуы мүмкін: қаланың шетінде екенін немесе қолы тимейтінін айтады яки басқа бір себеп;
- алаяқ уақыттың тығыздығын, сатып алушылардың көп екенін айтып, асықтырады;
- сатып алушыны көндіргеннен кейін, сайтының жалған нұсқасына сілтеме беріп, төлем жасауы керегін айтады;
- алданған сатып алушы төлейді;
- төлем жасалғаннан кейін хабарлама беруші ізім-ғайым жоқ болады.
Кейінгі кезде алаяқтықтың жаңа тәсілі пайда болған. Қылмыскерлер мүлікті жалға беру туралы хабарламаны орналастырады. Хат алмасқан кезде "OLX арқылы жалға беру" деген жалған қызмет ұсынып, сілтеме жібереді. Сайттың жалған нұсқасында форманы толтыруын сұрайды. Форма толтырылғаннан кейін картадан ақшаны шешіп алады.
Сақ болыңыз, сервисте "OLX арқылы жалға беру" және броньдау қызметі жоқ.
6. OLX-те сатып алу кезінде мәліметті көрсетуге бола ма?
Ешқашан алдын ала төлем жасамаңыз. OLX.kz платформасында сатылған өнім немесе қызмет үшін қаражат алынбайды. Қазіргі уақытта ресми жеткізу қызметі жоқ. Сол себепті рәсімдеу арқылы төлем операциясын жасауға болмайды.
Келісім жасаған тараптарға ақшаны жіберу, алу үшін тек банк нөмірі қажет. Ешқашан PIN және CVC кодын немесе банктен келген SMS-ті беруге болмайды.
- Сатушымен сервистің хабарлама қызметі арқылы ғана хат алмасыңыз;
- Басқа сайттарға өтіп кетпеңіз және мәліметтеріңізді бөтен ресурстарға енгізбеңіз;
- Егер профиль күмәнді болып көрінсе, OLX-ке міндетті түрде жазыңыз.
7. Алаяқтың құрбаны болсаңыз, не істеу керек?
- Банкке хабарласып, картаңызды бұғаттатыңыз.
- Полицияға арыз жазыңыз. Құқық қорғау органдары ғана заңбұзушыны тауып, жазалай алады. Арыз жазсаңыз, тергеу жүргізуді бастауға болады. Сонда ғана жәбірленуші статусына өтіп, құқық пен кепілдігіңізді талап ете аласыз. Соның негізінде алаяқты жазалап, тиісті жағдайда материалдық өтемақыны да ала аласыз.
- Алаяқтық фактісін растау үшін OLX-тің қолдау қызметіне мына мәліметтерді ұсынуға кеңес береміз:
- қолданушымен алмасқан хаттың скриншоттары;
- пайдаланушы аты;
- пайдаланушының телефон нөмірі;
- төлем сайтына сілтеме.